2025-2026 оқу жылында Қазақстан дарынды оқушыларды қолдау жұмысын күшейтті.
ERNUR.KZ. 80-нен астам республикалық зияткерлік жарысқа 1,6 млн-ға жуық оқушы қатысты. Халықаралық деңгейде ел намысын 5 052 оқушы қорғады. Олар 37 олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысып, 1 026 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 190 алтын, 332 күміс және 504 қола медаль бар. Тағы 56 қатысушы арнайы марапаттарға ие болды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Математика бағытындағы жетістіктерді бөлек атап өткен жөн. Қазақстан құрамасы Вильнюсте өткен European Mathematical Olympiad жарысында абсолютті көшбасшы атанды. Салоники қаласында өткен Balkan Mathematical Olympiad жарысында команда мықты математикалық мектептері бар елдер арасында жалпыкомандалық есепте 6-орын алды.
Қазақстандық оқушылар Финиксте өткен әлемдегі ең ірі ғылыми-инженерлік көрме Regeneron ISEF-ке де қатысты. Қатысушылардың бірі жасанды интеллектіні қолдану арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтау жобасы үшін арнайы марапат пен шетелдік университеттің білім грантын алды.
Хьюстонда өткен робототехника бойынша халықаралық жарыстарда қазақстандық оқушылар 50 мыңнан астам қатысушы арасында 12 наградаға ие болды. Күздің соңына дейін ел оқушылары тағы 10-нан астам халықаралық жарысқа қатысуды жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері біржолғы төлем алады. Алтын медаль үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медаль үшін 1000, қола медаль үшін 500 айлық есептік көрсеткіш қарастырылған. Педагог-жаттықтырушылар 8,5-тен 26,5-ке дейінгі базалық лауазымдық айлықақы көлемінде ынталандыру төлемдерін алады.


