Бір вагон 58 жолаушыға есептелген.
Фото: "Жолаушылар тасымалы" АҚ
ERNUR.KZ. «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2026 жылдан бастап іске қосылатын жаңа үлгідегі Stadler вагондарын таныстырды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Штадлер Қазақстан» ЖШС компаниясы шығарған заманауи плацкарт вагондары Қазақстанның климаттық ерекшеліктерін, ұзақ бағыттардың жүктемесі мен халықаралық стандарттарды ескере отырып жасалған.
«Плацкарт вагондары 58 жолаушыға арналған. Жаңа жобалау шешімдерінің арқасында вагонның ішкі кеңістігі тиімді ұйымдастырылды. Кіреберіс бөлігінде жүк қоюға арналған сөрелер бар, ал жолсерікке бөлек демалыс аймағы, шағын асүй және басқару бөлімі қарастырылған. Жоғарғы орындарға шығуға арналған жаңа үлгідегі баспалдақ орнатылған. Үшінші деңгейде жолаушылардың заттарын салуға арналған кең багаж сөрелері орналастырылған», - делінген хабарламада.
Әр орын жеке шаммен, 220V розеткасымен, USB және USB-C порттарымен жабдықталған. Төменгі орындардың астында екі багажды қоюға арналған арнайы орын бар. Ал орталық үстел 200 келіге дейінгі салмақты көтере алады, деп атап өтті «Жолаушылар тасымалы» компаниясы.
Алғашқы отандық Stadler вагондары 2026 жылдан бастап мына бағыттарда қатынайды:
- № 3/4 «Астана – Алматы»
- № 353/354 «Астана – Семей»
- № 85/86 «Астана – Шымкент»
- № 47/48 «Астана – Атырау».
Жыл соңына дейін жаңа вагондардың алғашқы легі «Жолаушылар тасымалы» компаниясына беріледі. Келісім аясында Stadler компаниясы вагондарға 20 жыл бойы сервис қызметін көрсетеді. Жалпы жоспар бойынша 2030 жылға дейін 557 вагон пайдалануға беріледі.


