Қазақстанға ауған босқындары қоныстана ма? Саясаттанушылар келетін қауіп-қатерге баға берді

0
474

Талибан билікке келсе миллиондаған ауған елді тастап қашуы мүмкін.


Қазақстанға ауған босқындары қоныстана ма? Саясаттанушылар келетін қауіп-қатерге баға берді

ERNUR.KZ. Батыс баспасөзі АҚШ үкіметі Орталық Азия елдерінен ауған иммигранттарын қабылдауға өтініш айтуы мүмкін деген сарында ақпарат тратып жатыр. Америка Конгресі Ауғанстандағы ішкі қауымдастықтар арасындағы шиеленіс босқындар мәселесін күн тәртібіне шығарғанын талқылауда. Парламентарилер иммигранттар квотасын жолдайтын елдер санатына Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды қосқан. Бұл үш елге жалпы саны 9 мың адамды қоныстандыру жоспары айтылады. Осыған орай отандық сарапшылардың пікірін білді, деп жазады Azattyq Ruhy.

Азия зерттеу инситутының директоры Сұлтан Әкімбековтің пікірінше, егер Орта Азия елдері қазір ауғандарды қабылдаса, АҚШ бұдан кейін де бірнеше рет өтініш айтуы мүмкін.

«Қазір АҚШ конгресі қуғынға ұшыраған ауғандықтарды орналастыру туралы шешім шығаруға қамданып жатыр. Сол кезеңде уақытша орналастыру үшін Орталық Азия елдері қолайлы боп тұр. Бірақ бұдан кейін де босқындар легінің келмесіне кепіл жоқ. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан үшін 9 мың адам көп емес. Одан кейін тағы да қабылдаңдар деген сұрақ туындамай ма деген қауіп бар. Егер Ауғанстан ішіндегі азаматтық соғыс өршісе, ол біз үшін де үлкен мәселе екенін түсінуіміз керек. Бірақ жағдай тоқсаныншы жылдардағыдай күрделі емес. Тәлібтер билікке келсе, Өзбекстан, Пәкістан және Түркіменстанмен экономикалық байланыс орнатуға мүдделі. Өзбекстан теміржол салуға, Түркіменстан газ құбырын жүргізуге қарсы емес», - дейді Сұлтан Әкімбеков.

Бірақ, жағдайды аса қауіпті емес деп те айтуға келмейді. Белгілісі АҚШ аймақтан біржолата кетпейді. Өз мүддесін алға тартып, қаржыландыруды жалғастыра береді. Ол – әскери көмек. Америка бұған дейін ішкі қауымдастықтарды табыстыратын медиатор рөлін таңдаған болатын, саясаттанушының пікірінше, қазір АҚШ позициясын әлсіретті. Екінші жағынан, аймақтағы ірі ойыншылар Пәкістан, Иран, Қытай, Түркия және Ресей өз мүддесін тықпалайды. Бірақ олардың ешбіріне соғыс қажет емес. Сол себепті босқындар мәселесі тоқсаныншы жылдардағыдай Орталық Азия үшін аса ауқымды проблемалар тудырмауы тиіс.

«Ауғанстандағы жағдай жалпы Орталық Азия елдері үшін бас ауыртарлық мәселе саналады. Дұрыс байқадыңыз, ең бірінші – босқын мәселесі. Бірақ талибандар қозғалысы болса, өз мақсаты – Орталық Азияны шайқалту емес, ресми Кабулды бағындыру екенін бастапқыдан айтып келеді. Десе де, ішкі қауымдастықтың қақтығысы босқындар, переселендер мәселесін туындататыны сөзсіз», - дейді Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев.

Оның пікірінше, дәл осындай жағдай 1992 жылы ауған жерінде бұрқ ете қалған. Наджиболла жүйесі құлағанда ауған босқындарына Кеңес Одағының мұрагері Ресей қолдау білдіріп, Орталық Азия елдеріне жаппай қашу басталған еді. Енді АҚШ әскерін шығара бастап еді, тәлібтер бас көтеріп, өзгелермен келіссөздер жүргізе бастады. С.Көшкімбаевтың айтуынша, азаматтық күштер қазір елді тастап кетуге дайын отыр. Тәлібтер билікке келсе, миллиондаған адам сыртқа кетуге мәжбүр болады. Олар Орталық Азияға ғана емес батыс елдеріне, Иран, Пәкістанға кетеді.

«Қазақстан Ауғанстанмен шекаралас болмаса да, жоғарыда айтылған 9 мың ауғандықтың бір бөлігін қоныстандыру үшін таңдап алыныпты. Неге? Себебі біздің ел саяси тұрақты, экономикасы орныққан ел ретінде тізімге енді. Сол себепті негізгі қабылдау пункті ретінде шешім қабылданса керек. Әрине бұл бастама бізге мейілінше қажет емес. Қазақстан 2018 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше ретінде Ауған мәселесіне тікелей араласты. Осы жағы ескеріліп, босқындардың қоныстануына қолайлы ел ретінде таңдалғаны белгілі. Қазақстан мен Өзбекстан босқындарды қабылдайтын тартымды елдер ретінде талаптарға жауап береді», - дейді саясаттанушы.

Оның пікірінше, елге террорлық қауіп төндіретін топтар кіріп кетеді деп қауіптенуге негіз жоқ. Өйткен, келетін адамдар саны шектеулі. Жеке бас мәліметін анықтап, босқындарды жеке-жеке қабылдап, есепке алуға еш кедергі жоқ.

«Десе де, Өзбекстан мен Тәжікстанға бас сауғалап келгендер баршылық. Олардың арасында қару асынған әскерилер көп. Бізде Ауғанстанмен тікелей шекара болмаған соң, мұндай қауіп болмауы тиіс», - дейді саясаттанушы С.Көшкімбаев.