Қазақстаннан қант экспорттауға тыйым салынады

0
507

Тыйым жаз соңына дейін, елде қант қызылшасының жаңа өнімі піскенше күшінде болады.


Қазақстаннан қант экспорттауға тыйым салынады

Қазақстаннан үшінші елдерге, ЕАЭО-ға қатысушы елдерге қант экспортына 2024 жылдың 31 тамызына дейін уақытша тыйым салуды енгізу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл алдағы жазғы маусымда қазақстандықтардың қантқа деген сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
6 мамырда вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста қант қызылшасының жаңа өнімі жиналғанға дейін ішкі нарықты қантпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Қазiргi уақытта қоймалардағы қант қорының және Қазақстанға импорт көлемiнiң теңгерiмi шамамен 256 мың тонна, бұл елдiң жылдық қажеттiлiгiнiң жартысы (500-550 мың тонна).
"Бүгінде қоймалардағы қант пен шикі құрақ қоры 136 мың тонна. 2024 жылдың 31 тамызына дейін квотамен ресейлік қанттың 120 мың тонна көлеміндегі импортын қосқанда, бұл шамамен 256 мың тоннаға дейін жетеді", — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстанда 2024 жылдың соңына дейін өңдеуге арналған 300 мың тонна шикі құрақты бажсыз әкелуге квота бар.
"Орта есеппен айлық тұтыну жазда 46 мың тонна, сұраныс 60 мың тоннаға жетеді. Қолданыстағы қант қоры жаңа өнімге дейін қантқа деген сұранысты өтеуге жеткілікті", - деп түйіндеді вице-министр.
Жақын арада қазақстандық тарап ресейлік әріптестерімен қант жеткізу квотасын жыл соңына дейін тағы да 100 мың тоннаға ұлғайту бойынша келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр.