Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.
Фото: bossagro.kz
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, тасымалдаушылармен және бизнес-қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп, астық тасымалы мәселелері бойынша Жедел штаб отырысын өткізді, деп жазады inbusiness.kz.
Отырыс барысында астық тасымалы саласындағы ағымдағы жағдай қаралып, тасымалдауды тұрақты әрі үздіксіз ұйымдастыруды қамтамасыз етуге бағытталған келісілген жедел шаралар қабылданды.
2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша астық тасымалы көлемі 4,1 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға артқаны байқалуда. Экспорттық тасымалдар 3,2 млн тоннаға (+18%), ал ішкі тасымалдар 0,9 млн тоннаға (+8%) жетті.
Орталық Азия елдері бағыты бойынша айтарлықтай өсім тіркелді – 48%-ға артып, 2,1 млн тоннаны құрады, оның ішінде Өзбекстан бағытына 1,5 млн тонна жөнелтілді.
Ресей Федерациясы бағытына және оның аумағы арқылы тасымал көлемі 512 мың тоннаны құрады.
Ауғанстан бағыты бойынша тасымал 4,2 есеге өсіп, 302 мың тоннаға жетті.
Қытай бағытына жемдік ұн жеткізу көлемі 2 есеге артып, 1 млн тоннаға жетті.
Жедел штабтың жұмысы тасымалдау үдерісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және нарық қатысушыларының іс-қимылын үйлестіру мақсатында тұрақты негізде жалғасатын болады.


