"Қажеттінің барлығы жеткізілді": Абай облысының билігі гуманитарлық көмек жіберуді тоқтатуды сұрайды

0
715

Бүгінгі таңда өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.


ERNUR.KZ. Абай облысының билігі өрттен зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмек қабылдаудың тоқтатылғанын мәлімдеді. Сөздерінше, қазіргі уақытқа дейін қажеттінің барлығы жеткізілген, деп жазады Stan.kz.

Бүгінгі таңда өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұған дейін Шүлбі су электр станциясы маңында шыққан қою түтін халықты дүрліктірген еді. Дегенмен Төтенше жағдайлар департаменті жағдайдың бақылауда екенін айтты. Өрт сөндірушілер жалынды тез сөндіріп тастаған.

Сондай-ақ құтқарушылар аймақтағы алапат өртті толық өшіру үшін бірнеше күн қажет екенін мәлімдеді. Себебі барлығы 60 мың гектар жер өртенген. Ал Абай облысының билігі қазақстандықтарға үндеу жариялап, Семейге 44 тонна гуманитарлық көмек жеткізілгенін айтты. Оның ішінде 2 тонна ет пен 30 мың литр су бар. Ал арнайы есепшотқа 500 миллион теңге жиналыпты.

"Барлығына үлкен рахмет айта отырып, азық-түлік пен өзге де көмекті қабылдаудың тоқтатылғанын хабарлаймыз. Қажеттің барлығы жеткізілді, қазір қоймада тұр. Облыс әкімдігі жанында құрылған әкімдік қоғам белсенділерімен бірге бұл көмекті бөлу жұмыстарын жүргізеді", – деді Абай облысы мәслихатының төрағасы Қуаныш Сүлейменов.