Сот шешімімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының http://sud.gov.kz ресми сайтында танысуға болады.
ERNUR.KZ. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тұтынушыларға түзету коэффициентін негізсіз есептеуден түскен қаражатты қайтарады. Бұл туралы Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Baq.kz.
Еске салсақ, 2017 жылғы 14 ақпанда Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі - Астана қаласының МАӘС) қаулысымен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы үстем жағдайды теріс пайдаланғаны үшін, оның ішінде тауар газ тұтынушыларға түзету коэффициенттерін негізсіз есептегені үшін 13 млн теңгеден астам айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық газ тұтынушыларына түзету коэффициенттерін есептеу тәжірибесін тоқтатуға, сондай-ақ 2012 жылдың шілде айынан бастап тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға түзету коэффициентін есептеуден алынған қаржыны қайтару туралы нұсқама берілді (Монополияға қарсы органның 2017 жылғы 1 ақпандағы нұсқамасы).
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның деректері бойынша қайтарылатын сома шамамен 268 млн теңгені құрайтын болатын.
Қаражатты қайтару бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеттің (бұдан әрі – Монополияға қарсы комитет) нұсқамасын толық көлемде орындамағаны үшін, 2018 жылғы 30 мамырдағы Астана қаласының МАӘС қаулысымен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 2,6 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынуымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, Монополияға қарсы комитет «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ны тұтынушыларға қаражатты толығымен қайтаруға мәжбүрлеу туралы арызымен сотқа жүгінді.
2018 жылғы 3 қазандағы Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 2012 жылғы шілде айынан бастап тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға түзету коэффициентін есептеуден алынған қаржыны қайтару туралы нұсқаманы орындауға мәжбүрлеу туралы монополияға қарсы органның талаптары қанағаттандырылды.
2018 жылғы 5 желтоқсандағы сот шешімі заңды күшіне енді.
Осыған байланысты, сот шешімі негізінде тұтынушылар 2012 жылғы шілде айынан бастап, түзету коэффициентін есептеуден алынған қаржыны қайтару мәселелері бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тиісті өндірістік филиалдарына жүгінуге құқылы.
Сот шешімімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының http://sud.gov.kz ресми сайтында танысуға болады.