“Кешірші, өтінемін!“ Желіде қыздың соққыға жығылған видеосы тарады

0
83

Оқиға Павлодар облысында болған.


“Кешірші, өтінемін!“ Желіде қыздың соққыға жығылған видеосы тарады

Видео кадры

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде ер адам қызды ұрып жатқан сәті бейнеленген видео тарады, деп жазады tengrinews.kz.

Видеода жәбірленушінің бет-аузы қан екені көрінеді. Бұдан бөлек, ер адамның даусы естіледі. Ол қыздың біреуді алдағанын айтқан.

Бұл дерекке полиция пікір білдірді. Оқиға Павлодар облысында болған.

Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған видео бойынша тексеріс жүргізілген. Оқиғаға қатысы барлар анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Алдын ала мәлімет бойынша, видеоны қыз таныстарымен келісіп, түсірген. Тіпті өзі ұйымдастырғаны айтылады. Дегенмен "қойылым" барысында нақты заңға қайшы әрекеттердің болғаны да анықталған.

Екі ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімі шыққанға дейін олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ, қыздың бұған дейін сотталғаны, оның ішінде алаяқтық бойынша да жауапқа тартылғаны белгілі болды.

Соған қарамастан, видеоны түсіру себептері мен оның "қойылым" болған-болмағанына тәуелсіз түрде, денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында оқиғаның себептері, келтірілген зиянның деңгейі және әр қатысушының рөлі анықталады. Оқиғаға қатысқандардың да, видеоны таратқан тұлғалардың да әрекетіне құқықтық баға берілетіні айтылды.

Айта кетейік, расталмаған деректерде қызды есірткі таратуға қатысы болуы мүмкін деген болжам айтылады. Сондай-ақ, видео оны "жазалау" ретінде көрсету және ықтимал қысымнан құтылу мақсатында түсірілген болуы мүмкін деген де пікір бар. Алайда бұл нұсқаны құқық қорғау органдары ресми түрде растаған жоқ.