Бүгінде орта білім беру жүйесінде 7 964 мектеп бар, онда 3,9 миллионнан астам бала білім алып, 408 мың педагог қызмет етеді.
Коллаж: Canva
ERNUR.KZ. 2024 жылы қазақстандық оқушылар 35 халықаралық олимпиада мен конкурстарға қатысып, 563 медаль жеңіп алды: 77-сі - алтын, 201-і – күміс, 285-і – қола медаль, яғни әр екінші қатысушы жүлдегер атанды, деп жазады inform.kz.
Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің мәліметі бойынша, бүгінде орта білім беру жүйесінде 7 964 мектеп бар, онда 3,9 миллионнан астам бала білім алып, 408 мың педагог қызмет етеді.
2024 жылы қол жеткізген ірі жетістіктердің бірі – халықаралық олимпиадаларға қатысқан қазақстандық оқушылардың әрбір екіншісі жүлделі орындарға ие болды. Қазақстан құрамасының қоржыны жалпы 563 медальмен толықты, оның ішінде 77 алтын, 201 күміс және 285 қола медаль бар. (Өткен 2023 жылы оқушылар 23 медаль, оның ішінде 2 алтын, 11 күміс және 10 қола медаль ұтып алған болатын).
31 қазақстандық оқушы әлемнің ең беделді олимпиадалары – Халықаралық математика (IMO), физика (IPhO), биология (IBO), лингвистика (IOL), химия (IChO), география (IGeO), және информатика (IOI) пәндерінен олимпиадаларға қатысып, 26 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 алтын, 12 күміс және 12 қола медаль бар.
Әсіресе, химия пәні бойынша ең беделді Халықаралық олимпиадада (IChO) және робототехникадан «First Global Challenge» әлем чемпионатында қазақстандық оқушылар 190 елдің арасынан озып шығып, екі олимпиадада да үш мәрте әлем чемпионы атанды.
– Бұл жетістіктер – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған шаралардың нәтижесі. 2022 жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сонымен қатар оларды дайындаған педагогтарға біржолғы ақшалай сыйақы қарастырылған. Биыл 26 оқушыға 77,5 млн теңге және 24 педагогқа 6,4 млн теңге сыйақы беріледі. Салыстырар болсақ, өткен жылы 23 оқушы мен 20 педагог жалпы 71,4 миллион теңге сыйақы алған болатын. 2022 жылы 27 оқушы мен 26 педагогқа барлығы 83,7 миллион теңге сыйақы берілген, - деп жазылған Орта білім комитетінің жауабында.
Сонымен қатар, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына кез келген қазақстандық ЖОО-ға түсуге білім гранты беріледі.
Еске сала кетсек, алтын медаль жеңіп алған оқушы 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (5 млн 538 мың теңге), күміс медаль үшін – 1000 АЕК (3 млн 692 мың теңге), қола медаль үшін – 500 АЕК (1 млн 846 мың теңге) мөлшерінде ақшалай сыйақы алады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған педагогтерге мынадай мөлшерде біржолғы сыйақы беріледі:
I дәрежелі ДИПЛОМ мен алтын медаль иегерін дайындаған педагогке - базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген мөлшері
II дәрежелі ДИПЛОМ мен күміс медаль иегерін дайындаған педагогке-базалық лауазымдық жалақының 17, 5 еселенген мөлшері
III дәрежелі ДИПЛОМ мен қола медаль иегерін дайындаған педагогке-базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшері.
Сонымен бірге, биыл Грекиядағы робототехника бойынша FIRST GLOBAL CHALLENGE әлемдік кезеңінде Алматы қаласының НЗМ оқушылары абсолютті жеңімпаз атанды. Бұл жарыста Қазақстан үшінші жыл қатарынан абсолютті чемпион болып келеді.
АҚШ-та робототехника бойынша FIRST ROBOTICS әлемдік чемпионатта РФММ оқушылары жоғары марапатқа ие болды.
Тағы бір жарқын оқиға ретінде - шілде айында Қазақстанда IBO-2024 ең беделді биология пәні бойынша Халықаралық олимпиаданың өткізілуін атауға болады. Оған 81 елден 305 жас биолог пен 275 ғалым қатысты. Қазақстан құрамасы 100% медальдік нәтиже көрсеткен.
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада елімізде екінші жыл өткізіліп келеді. Нәтижесінде ауыл оқушыларының жүлделі орындарға ие болу көрсеткіші 10 есеге артып, мыңдаған ауыл балалары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.