Филиалдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жұмысқа филиалдың әлеуметтік блогының 200-ден аса қызметкері жұмылдырылған.
ERNUR.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Бүгінде Алматының Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері 42500 теңгені алуға жолданған 20 мыңнан астам өтінішті өңдеді, деп жазады ҚазАқпарат.
31 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыны, АӘК пен әлеуметтік көмекті қоса алғанда, жылдық мәнде 10% индексациялауды тапсырған болатын.
Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға 1 ЕТЖ немесе 42 500 теңге төлеуді тапсырды. Болжам бойынша, қолдау үшін 3 миллионға жуық қазақстандық өтініш білдіруі мүмкін.
Мемлекет басшысының шұғыл тапсырмасын орындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Әлеуметтік блогының қызметкерлеріне жүктеме 4 есеге артты.
«Азаматтарға арналған үкіметтің» Алматы қаласы бойынша филиалының ұжымы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін, Президенттің қайта есептеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында онлайн қызмет көрсетуге кірісті.
Филиалдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жұмысқа филиалдың әлеуметтік блогының 200-ден аса қызметкері жұмылдырылған.
«Оның ішінде 100–ден аса оператор бэк-офистерде және 100-ден аса оператор үйде онлайн қызмет көрсетуде. Жұмыс кестесі таңғы сағат 8.00-ден басталып 22.00-ге дейін, кейде одан да ұзаққа созылуда. Олар азаматтардың өтініштерін қабылдайды, тексереді және уәкілетті органға жібереді. Әлеуметтік сақтандыру жөніндегі мемлекеттік қордың (ГФСС) растауынан кейін құжаттарды төлем жасау үшін базаға енгізеді. Бүгінде дейін республика бойынша келіп түскен 1 миллион 200 мыңға жуық өтініштің 20 мыңнан астамы Алматы қаласының үлесінде. Филиал қызметкерлері оларды өңдеп, төлем жасауды қамтамасыз етуде», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, 1414 call-орталығында жұмыс істеу үшін әлеуметтік блоктың 2 операторы бөлінген. Олар азаматтардың әлеуметтік төлемдерге қатысты сұрақтарына жауап береді.
«Елдегі қазіргі жағдай бәрімізден бірлікті талап етеді. Біздің қызметкерлеріміз еселене түскен жұмысына барлық күш жігерін жұмсап, қайраттылық танытуда, өйткені жауапкершілік жүгі өте ауыр. Барлық аудандарда жәрдемақыға өтініштер толассыз келіп түсуде. Қызметкерлеріміздің төзімділігі мен шыдамдылығының арқасында тапсырма сапалы орындалып жатыр. Бұл орайда,филиалдың әлеуметтік қамтамасыз ету блогының барлық қызметкерлеріне алғысымды білдіремін! Біздің ұранымыз- SANALY QYZMET-SAPALY NATIJE!» - деді филиал директоры Данияр Қырықбаев.