Пандемия жағдайында бірқатар нақты шара қабылдады.
ERNUR.KZ. Қазақстанда ресми түрде төтенше жағдай тәртібі аяқталды. Бұған қарамастан, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін көптеген аймақта карантин шаралары жалғасуда, деп жазады baq.kz.
Пандемия жағдайында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы ХҚО ғимараттарында азаматтардың жиналуын болдырмаудың және вирус жұқтыру ықтималдығын азайтуға мүмкіндік беретін бірқатар нақты шара қабылдады.
ХҚО жұмысының жаңа форматы
Енді қазақстандықтар ХҚО-да электронды форматта қолжетімсіз, "қағаз" жүзіндегі қызметтерді ғана ала алады. Бұл шамамен 100 мемлекеттік қызмет, оларды алу үшін ХҚО-ға бару қажет. Сондай-ақ, ХҚО-дан egov.kz порталы арқылы онлайн түрде рәсімделген қызметтердің дайын нәтижесін алуға болады.
ХҚО-ға енді алдын ала брондау арқылы ғана баруға болады.
Айта кету керек, өзгерістер тек Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен облыс орталықтарында орналасқан ХҚО-ларды қамтиды. Аудан орталықтарында және ауылды елдімекендерде орналасқан ХҚО-лар бұрынғыдай жұмыс істейтін болады.
ХҚО-лар қайта іске қосылған аймақтар
20 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда аймақтық штабтардың рұқсатымен 10 өңірдің ХҚО-лары толығымен жұмыс істейді бастады, бұлар – Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары.
Алматы, Шымкент, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің шешімімен аталған өңірлерде тек бизнес өкілдеріне қызмет көрсететін ХҚО-лар ашылды. Жамбыл облысындағы ХҚО-лар әлі жұмыс істемейді.
Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекке тапсырыс беру
Халыққа қызмет көрсету орталығына барарда кезек уақытына тапсырыс беру үшін Egov.kz электронды үкімет порталын, eGovKzBot2.0 телеграм-ботын пайдалануға немесе 1414 нөміріне қоңырау шалуға болады (қоңырау шалу тегін).
Бронь қызмет алушының ЖСН-ін тіркеу арқылы жасалады. Егер азамат халыққа қызмет көрсету орталығына баратын уақытын алдын ала белгілемесе, кезекті сол жерде брондау ұсынылады. Алайда қабылдау дәл сол уақытта болатынына кепілдік берілмейді. Бұл жағдайда азамат өзге бос уақытқа кезекке тапсырыс беруі керек болады.
Электронды қызметтерді алудағы көмек
Egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын қазақстандықтар өз үйінен немесе кеңседен ала алады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болса болғаны. Қазіргі уақытта ЭЦҚ-ны да egov.kz порталында алу мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ кейбір қызметтер мен сервистерді ЭЦҚ-сыз, бір реттік құпиясөздің көмегімен алуға болады. Ол үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет.
Қызметтерді онлайн алу бойынша сұрақтар туындаған жағдайда қазақстандықтар 1414 Бірыңғай байланыс орталығының немесе порталдағы виртуалды ассистенттің көмегіне жүгіне алады.
Енді Азаматтарға арналған үкімет операторлары қазақстандықтарға egov.kz порталындағы бейне қоңырау арқылы тікелей кеңес бере алады.
Ол үшін парақшаның оң жақ төменгі бұрышындағы «Виртуалды ассистент» батырмасын басу қажет. Ашылған терезеден бейнекамераның белгісін таңдаңыз. Одан әрі жүйе видеокамераның және микрофонның қосылуына рұқсат сұрайды – "рұқсат ету" қажет.
ХҚО операторы клиентпен бірнеше секунд ішінде байланысқа шығады. Осыдан кейін "Экранды көрсету", әрі қарай "бөлісу" батырмаларын басу керек. Осылайша, ХҚО бейнеоператоры абонент мониторын көре алады және оған кез келген қызметті жылдам алуға көмектеседі.
Egov бұрыштары
Сонымен қатар, компьютері немесе интернетке шығу мүмкіндігі жоқ жоқ қазақстандықтар үшін ХҚО ғимараттарынан бөлек 328 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды. Олар аудандық әкімдіктердің ғимараттарында, оқу орындарында, медицина ұйымдарында, сауда-ойын-сауық орталықтарында және т. б. нысандарда орналасқан. Алдағы уақытта мұндай бұрыштар саны тек артатын болады.
Үш санаттағы азаматтар – зейнеткерлер, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар электрондық қызметтерді ХҚО-ның жеңілдік терезесі арқылы ала алады