Кинотеатрлар қайта жабылуы мүмкін

0
2 171

Қазір елдегі кинотеатрлардың 70 проценті ғана жұмыс істеп тұр.


Кинотеатрлар қайта жабылуы мүмкін

ERNUR.KZ. Коронавирус киноиндустрияға кесірін тигізді, деп жазады 24.kz.

Сарапшылар кірістің 80% кинотеатрлар үлесінен түсетінін айтады. Алайда пандемия әлемдегі оның ішінде біздің еліміздегі кинотеатрлардың жұмысын тұралатты. Ашылғанына бір ай да болмаған кинотеатрлар қайта жабылуы мүмкін.

Осы пандемияда еліміздегі кинотеатрлардың 30 проценті жабылып қалды. Көбі жалдап отырған ғимарат ақысын төлей алмай қиналған. Ашылуынан жабылуы тез болды. Отандық кинотеатрлар қанатын кеңге жаймастан, тағы 3-5 айға есігін тарс жабуға мәжбүр.

Биылғы Жаңа жыл мерекесі сала үшін әдеттегідей табысты болған жоқ. Репертуар бай емес, көрермен саны да бұрынғыдан анағұрлым аз. Жарты жылдық үзілістен кейін тамырына қан жүгіртуді қалаған кәсіпкерлер қайтадан қаймығып қалды.

Себебі ақпанда кинотеатрлар жабылуы мүмкін. Киногерлер де өнімін жарыққа шығаруға асығар емес. Кіріс түспей қала ма деп қорқады.

Биыл 15-ке тарта отандық фильм түсірілген екен. Шетелдік премьералар да күзде ғана көпшілікке ұсынылмақ. Бір сөзбен айтқанда, кино жоқ. Қазақстан кинотеатрлар иелері қауымдастығының президенті Мунира Ягудинаның айтуынша, кинозалдағы көрермен санын 50 процентке жеткізсе, премьералар да көбейер еді.

Фильм көріп, демалуды сағынған халықтың ықыласы зор. Тек қолдау қажет. Қазір елдегі кинотеатрлардың 70 проценті ғана жұмыс істеп тұр. Қалғаны нарықтан мүлде кеткен.