Кіші Талдыкөлдің суы тартылған жеріне саябақ салынады

0
447

Қазірдің өзінде 1,5 мың ағаш отырғызылды, күзде тағы 2 мың ағаш егіледі. Учаскенің шамамен 30 гектар периметрі қоршалған.


Кіші Талдыкөлдің суы тартылған жеріне саябақ салынады

ERNUR.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов қалалық мәслихатта Кіші Талдыкөл тағдыры туралы сұрақтарға жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бұл мәселені сіздермен бірнеше рет талқыладық, тіпті сарапшыларды тарттық, сараптамалық қорытындылар да бар. Слайдтарға қарасаңыздар, Кіші Талдыкөлдің жоғарғы жағында су жоқ, осы жылдар ішінде су буланып кеткен. Негізгі бөлігінде су бар. Ондағы су біздің тазарту қондырғыларынан келеді. Нөсерлі кәріз толықтырады. Бұрын жер асты сулары да болған, ал қазір сол жағалаудағы белсенді құрылысқа байланысты судың келуі тоқтаған», - деді А. Көлгінов қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында.

Оның айтуынша, әкімдік су тартылған жерде саябақ ашуға ниетті. Қазірдің өзінде 1,5 мың ағаш отырғызылды, күзде тағы 2 мың ағаш егіледі. Учаскенің шамамен 30 гектар периметрі қоршалған.

Сондай-ақ әкім қазір су таяздайтын кезең басталғанын атап өтті. 2015 жылға дейін Үлкен Талдыкөлде су көлемі 57 млн текше метр болған. Биылғы жыл басында 5 миллион текше метр болса, күздегі өлшеу судың 1,5 миллион текше метр қалғанын көрсетті, яғни көлемі бірнеше есе азайды. Жер асты сулары деңгейі төмендеді, оған қоса қазір қалалық кәріз-тазарту жүйесінен шыққан су Үлкен Талдыкөлге емес, Есілге құйылады. Сондықтан әкімдік судың бір бөлігін Үлкен Талдыкөл мен Кіші Талдыкөлге бағыттауды жоспарлап отыр.

Ауыз суға қатысты Алтай Көлгінов қазір қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болатын үшінші сорғы-сүзгі станциясы салынып жатқанын айтты. Төртінші станцияның құрылысы да жоспарлануда.