Көкшетау әкімдігі ақпан айында су тасқынымен күресуге 49 миллион теңге жұмсаған

0
751

Шарт бойынша жеткізуші су тасқыны кезінде еріген судың өтуі үшін инертті материалды дайындауға, нөсер ағындарын, арықтарды, су өткізгіштерді ыстық сумен шайып, су басқан жерлерден күн сайын қарды шығаруға міндетті болған.


Көкшетау әкімдігі ақпан айында су тасқынымен күресуге 49 миллион теңге жұмсаған

ERNUR.KZ. Көкшетау әкімдігі ақпан айында су тасқынымен күресуге 49 миллион теңге жұмсаған, деп жазады Stan.kz.




Өткен жылдың желтоқсан айында "Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" ММ 2024 жылға арналған "Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу бойынша қызметтер" байқауын өткізген. Лоттың жеңімпазы "Көкше Тазалық" ЖШС болған, онымен ақпан айында 49 миллион теңге сомасына келісім жасалған.

Шарт бойынша жеткізуші су тасқыны кезінде еріген судың өтуі үшін инертті материалды дайындауға, нөсер ағындарын, арықтарды, су өткізгіштерді ыстық сумен шайып, су басқан жерлерден күн сайын қарды шығаруға міндетті болған.

Келесі кезекте жеткізуші Қылшықты мен Шағалы өзендерінің деңгейіне зерттеу жүргізіп, мониторинг жүргізуге тиіс болған. Су тасқыны басталмай тұрып, еріген судың өтуі үшін көпірлердің алдынан қалың бұталарды шауып, өзен арналарын дайындауға міндеттелген.

“Жеткізуші Қылшақты және Шағалалы өзендерінің арналарында жару жұмыстарын жүргізуге келісім-шартты, су өткізгіш құбырларды шаю мақсатында ыстық суға келісім-шартты ұсынады”, – делінген техникалық құжатта.



Алайда 28 наурызда Көкшетау стансасының аумағын еріген қар суы басқан. Оның бір себебі – теміржол көпірінің алдында мұз кептеліп қалған. Мұны Көкшетау қаласы әкімдігінің ресми хабарламасы да растайды.

"Дәл қазір Абай көшесіндегі көпір алдындағы кептелген мұз тазартылуда", - делінген әкімдіктің 28 наурыздағы хабарламасында.

Сонымен қатар, конкурстың техникалық спецификациясында жеткізуші төтенше жағдайлардың ықтимал салдарын болдырмауға және жоюға міндетті екендігі көрсетілген. Алайда Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушыларына Көкшетаудағы су тасқынының салдарын жоюға тура келді.

Айта кетейік, "КөкшеТазалық" мекемесінің директоры Олег Топорков Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты. Сондай-ақ Қылшақты өзенінде жарылыс жұмыстары жүргізілгені белгісіз.