​Көкшетауда жеміс-жидек арзандамай отыр

0
1 941

Консервілеу науқаны басталды. Базарда бәрі қымбат.


​Көкшетауда жеміс-жидек арзандамай отыр

ERNUR.KZ. Қыркүйектің басы жеміс-жидектің нағыз піскен шағы десек те, көкшетаулықтар арзан жеміс-жидекке қол жеткізе алмай отыр. Қаладағы сауда орындарында шеттен тасымалданатын жеміс-жидек пен көкөністі айтпағанда, жергілікті жерде өсірілген өнім бағасы да тұрғындардың көңілінен шықпайды, деп жазады Baq.kz.

Қыс демей, жаз демей, жеміс-жидек пен көкөністің неше түрін базарлар мен дүкен сөресінен сатып алып, жей беруіңізге болады. Бірақ шетте өсіріліп, бізге жеткенше бар нәрінен айырылған өнімдердің бағасына да, сапасына да жұртшылық наразы.

«Консервілеу науқаны басталды. Базарда бәрі қымбат. Қалтамыз көтермейді. Өзімізде өсірілген қызанақтың бағасы удай. Қыркүйекке қарай арзандар деген үміттемін», – дейді Сара Зиядақызы есімді қала тұрғыны.

Сатушылардың айтуынша, тауардың өзі қымбат болып келеді, өңірге жеткізілетін жеміс-жидектің кейбір түрлерінің қоры аз.

«Тауарды қала сыртындағы көтерме базардан әкелеміз. Баға ол жерде де қымбат. Ондағы саудагерлер оңтүстіктен тасымалға кететін шығынды толтыру үшін қымбатқа сатуға мәжбүр», – дейді Сәния Тілеуова есімді саудагер.

Шілдеде оңтүстіктен тасымалданатын өнімнің алғашқы легі қымбат бағамен келді. 250-280 теңгеден сатылып жатқан қызанақтың дәмі мен сапасы жұрттың көңілінен шықпай отыр. Қарағанды қызанағы 350-400 теңгеден, степногордыкі 500 теңгеден болса, ал қала маңындағы саяжайларда өсірілген қызанақтың 1 келісі 700 теңгеге жеткен.

Алманың бір келісі 400 теңгеден түскен жоқ. Аз ғана жалақыға қалағаныңның бәрін сатып алу мүмкін емес. Өзімізде өсірілген қызанақ – 500-700 теңге, картоп – 300 теңге. Өз жерімізде өсірілсе де бұл өнімдер неге қымбат?

Еліміздің өзге өңірлерінен жеткізілетін жеміс-жидек, көкөніс пен жергілікті жерде өсірілген өнімнің бағасының екі түрлі болуы климаттық ерекшеліктер, өсіру технологиясы және өнім көлеміне байланысты. Бұл өз кезегінде бағаға да әсер етпей қоймайды.

«Степногорскіден келетін қызанақ пен қияр жыл бойы жылыжайда, ал оңтүстікте жеміс-жидек ашық далада өсіріледі. Яғни электр энергиясы мен жылуға көп шығын кетпейді. Оның үстіне ол жақта өнім көлемі айтарлықтай мол болғандықтан, бағасы да соғұрлым арзан», – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жетекшісінің орынбасары Досхан Әмринов.

Биыл ауылдарды қоршап жатқан орман-тоғайларда жеміс-жидек бітік өсті. Оны жинаған тұрғындардың аз да болса табыс тапқандары сөзсіз. Ерінбеген жандар жаз бойы осы кәсіппен айналысып, несібесін тере алды.

«Шаңтөбеден тасымалданатын таңқурайдың 1 келісі – 1300-1400 теңге. Бір келі еттің құны деуге болады. Өзім қыста қызанақ сатып алмаймын. Өйткені бағасына сапасы сай емес, дәмсіз болады. Жазда қымбат болса да балаларым үшін саяжайда өсірілген қызанақ пен қияр, жеміс-жидекті сатып алуға тырысамын», –дейді көпбалалы ана Кәусар Болат.

Бау егіп, бақша салу, шындап кіріссе, кез келген адамның қолынан келетін кәсіп. Ал, біздің қандастарымыздың көбі ондай іске баспайды, марғау өмір, жігерсіздік, бейжайлық, сірә, қанға сіңіп кеткендей.

«Біреуді біреу асырайтын уақыт баяғыда-ақ өтіп кеткенін ұқпайтыны жаныңды ауыртады. Ауылдағы көптеген үйлердің маңында бау-бақша мүлдем жоқ, жағалай арамшөп басып, есік алды қаңсып бос жатыр. Тіпті, малға пішен-шөбі қыстың соңына қарай жетпей, қаладағы базардан шөп алып, машинаға тиеп ауылға кетіп бара жатқан талай жерлестерімді көрдім. Уақыт көшінен кешеуілдеп қалған ауыл тұрғындарын түсіну қиын. Міне, бұл қазіргі қазақ ауылдарының боямасыз өмірі», – дейді Қайыргелді Уәйісов есімді ақсақал.