Қоқыстағы елтаңбаны төріне әкеп ілген блогерге қомақты айыппұл салынды

0
88

Данияр Бейісқали бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.


Қоқыстағы елтаңбаны төріне әкеп ілген блогерге қомақты айыппұл салынды

Фото: блогер парақшасынан

ERNUR.KZ. Жетісу облысында блогер Данияр Бейісқали қоқыс арасынан тауып алған мемлекеттік елтаңбаны үйіне іліп қойғаны үшін 216 мың теңге айыппұл арқалады, деп жазады ulysmedia.kz.

ТӨРТ ЖЫЛ ТӨРІНЕ ІЛГЕН

Данияр Бейісқали бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Ол төрт жыл бұрын елтаңбаны қоқыстан тауып алып, тазалап, үйіне іліп қойған.

– Бұл елтаңба бір мекемеде ілулі тұрды. Сосын оны құрметсіздік танытып қоқысқа лақтыра салды. Біз оны жуып, тазалап, шағын реставрация жасап, төрімізге іліп қойдық. Сол үшін кінәлі болып отырмын. Айыппұл салды. Бірақ мен берілмеймін. Соңына дейін күресемін. Бірнеше пәтер ауыстырдым. Әр көшкен сайын өзіммен алып жүрдім,– дейді блогер.

Ол елтаңбамен қимай қоштасып отырған бейнежазбасын желіге жүктеді. Мемлекеттік рәміз утилизацияға берген. Бірақ барлық процесті онлайн бақылап отырсам деп шарт қойыпты. Себебі блогер елтаңбаның тағы да қоқыста жатпайтынына көз жеткізгісі келеді.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Бұл жағдайға қатысты полиция пікір білдіріп, Ақсу ауданы әкімдігінен мемлекеттік рәмізді дұрыс пайдаланбауға байланысты шағым түскенін хабарлады.

Тексеру барысында аудан тұрғыны анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған. Полиция мемлекеттік рәміздер заңмен ерекше қорғалатынын еске салып, оларды тек белгіленген тәртіппен пайдалануға болатынын айтты.

– Ниеті дұрыс сияқты көрінгенімен, бұл әрекет бәріне бірдей ұнай қоймаған. Арада бірнеше жыл өткен соң бұл ақпарат жергілікті билікке жетіп, блогерге 216 мың теңге айыппұл салынды, – дейді полицейлер.

ЖЕЛІДЕГІ ПІКІРЛЕР

Осы оқиғадан кейін Даниярға қолдау білдірушілер саны күрт артты. Бірі ақша жинап көмектесейік десе, енді бірі заңгерлік кеңес беруге дайын екенін айтып жатыр. Бірақ Данияр Бейісқали мәселенің шешімін тапқанын айтып, халықтың қолдауына алғыс айтты.

Ал оқырмандар : “Түркістан әкімшілігі Қазақстанның 2 туын өртейін деп тұрған жерінен үйге әкеліп қойдым. Енді не істеуім керек. Қайтадан қоқысқа апарамын ба?”, “Мәселе рәмізді тапқаныңда емес. Үкіметтік емес мекемелер мен үйлерде елтаңба қоюға болмайды”, “Айыппұлды сен емес, далаға тастаған әкімдік төлесін” деп сантүрлі пікір жазып жатыр.

Біз бұған дейін Талғар ауданы, Еркін ауылында мемлекеттік рәміздердің полигонға лақтырылғаны жайлы жазғанбыз.