Көлік салығын төлеуге қатысты жиі қойылатын 10 сұрақ

0
2 857

Қосымша сұрақтарыңыз бойынша Мемлекеттік кірістер комитетінің 1414 нөміріне хабарласуға болады.


Көлік салығын төлеуге қатысты жиі қойылатын 10 сұрақ

ERNUR.KZ. Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) 2020 жылдың көлік салығын төлеу мерзімі жақындап қалғанын еске салады. Осы орайда ведомство көлік салығын төлеуге қатысты жиі қойылатын 10 сұраққа жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.


1. Салық бойынша қарыздарды қайдан көруге болады?

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталының «Электрондық қызметтер» бөлімінде салық берешегінің болмауы (болуы) туралы ақпаратты және E-SalyqAzamat мобильді қосымшасынан көре аласыз.


2. Мен жеке тұлғамын, 2020 жылдың көлік салығын қашан төлеуім керек?

2021 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей салықты төлеген жөн.


3. Көлік салығын қалай есептеуге болады?

Сіз ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталында «Электрондық қызметтер» бөлімінде орналастырылған «Калькулятор» қызметін және E-SalyqAzamat мобильді қосымшасын пайдаланып, көлік салығын есептей аласыз.


4. Менде көлік жоқ және болған емес, алайда көлік салығы есептеліпті. Не істеу керек?

Көлік салығы уәкілетті мемлекеттік органның ақпараты негізінде есептеледі. Автокөлік болмаған жағдайда, тұрғылықты жер бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне меншігіңізде көлік құралының жоғы туралы уәкілетті мемлекеттік органнан анықтама ұсыну қажет.


5. Көлік салығын төлеу үшін қандай реквизиттер қажет?

Көлік салығының реквизиттері: БСК коды - 104402, СТК коды - 911; Пайыздық мәліметтер: СТК коды - 912.


6. Жеке тұлғаға көлік салығын қайда төлеу қажет?

Көлік салығы жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша төленеді.


7. Менің көлікті пайдаланып жүргеніме бірнеше жыл болды. Алайда салық мөлшері жыл сайын артып келеді. Неге?

Салық ставкасы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріне және көлік құралының қозғалтқышының сыйымдылығына қарай есептеледі. Сондықтан жыл сайын АЕК өсуімен қатар салық сомасы да өседі.


8. Мүгедектің жеке меншігінде қозғалтқыш көлемі 4000 текше см-ге дейінгі көлік болса, ол көлік салығынан босатыла ма?

Көлік құралдарын салықтан босату тек бір ғана көлік құралы үшін қарастырылған. Қозғалтқыштың көлемі 4000 текше см-ден жоғары жеңіл автокөліктер салықтан босатылмайды. Алайда мына жағдайды ескеру керек. Егер қозғалтқыш көлемі 4000 текше см-ден жоғары жеңіл автокөлік 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейін уәкілетті мемлекеттік органда тіркелсе, осы уақыттан бастап көлік құралының иесі өзгемесе, онда көлік иесі салық төлеуден босатылады.


9. Маған ұрланған көлік үшін салық есептеліпті. Ол неге есептелген?

Көлікті ұрлау бойынша қылмыстық істі қозғау фактісін растайтын ақпарат - ұрланған көлікке салынған салықтан босатуға негіз болып саналады. Көлікті ұрлау туралы қылмыстық іс қозғалған күннен бастап салықты есептеу тоқтатылады. Қылмыстық іс тоқтатылған немесе кері қайтарылған күннен бастап салық қайта есептеледі. Егер уәкілетті мемлекеттік органда көлік құралын ұрлау туралы қылмыстық іс қозғалмаса, салық органының көлік салығын есептеуді тоқтатуға құқығы жоқ.


10. 2020 жылға арналған көлік салығын есептеу үшін қандай айлық есептік көрсеткіш (АЕК) қолданылады?

Көлік салығын есептеу тиісті қаржы жылының 1 қаңтардағы айлық есептік көрсеткіші (АЕК) бойынша жүргізіледі, яғни 2020 жылдағы АЕК - 2 651 теңге.

Қосымша сұрақтарыңыз болса, Мемлекеттік кірістер комитетінің 1414 нөміріне хабарласа аласыз.