Конституцияның жаңа жобасы президентке жіберіледі

0
158

Комиссия мүшелерінің басым бөлігі Конституцияның жаңа жобасын референдумға шығаруды қолдап отыр.


Конституцияның жаңа жобасы президентке жіберіледі

фото: Sputnik / Абзал Калиев

ERNUR.KZ. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төрағасы Эльмира Әзімова Конституцияның жаңа жобасы президентке жіберілетінін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Бүгін комиссияның он екінші отырысы өтті. Әзімованың айтуынша, комиссия мүшелерінің басым бөлігі Конституцияның жаңа жобасын референдумға шығаруды қолдап отыр. Азаматтық қоғам тарапынан да ондай қолдау бар.
"Комиссия президент жанындағы консультативтік орган болғандықтан, көпшілік пікірін ескере отырып, мемлекет басшысына пысықталған жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсыну қажет деп санаймын. Референдум әрбір Қазақстан азаматына жаңа Конституция жобасы бойынша өз ойын білдіруге, конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді", - деді Әзімова комиссияның бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, мемлекет басшысы референдум өткізуге шешім қабылдаған жағдайда конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның миссиясы өз мәресіне жетті деп санауға болады.
"Бірақ комиссия мүшелері өз жұмысын ары қарай жалғастырады. Ол туралы бүгін біраз сарапшылар айтып кетті. Халықпен кездесулер жалғасатын болады", - дейді Әзімова.

Ал жаңа Ата заңның жобасы Конституциялық сот сайтында, бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.