Келісім-шарт бойынша, олар сиырларды күзге дейін ұстап, сүтін сауып отбасына жаратады.
ERNUR.KZ. Катонқарағай ауданында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жаз уақытында жалға сауын сиырлар беріледі, деп жазады Altaynews.
Күзде Өскемен қаласында өткен брифингте аудан әкімі Ринат Құрмамбаев жергілікті қожалықтар басшыларымен келісіп, көпбалалы азқамтылған отбасыларға қосымша көмек көрсетіледі деген болатын. Бүгінде көктем келіп, бұл жұмыстар басталып та кетті.
Алғыс айту Күні қарсаңында Үлкен Нарын ауылындағы "Азат" шаруа қожалығының басшысы Мейірхан Жақсыбаев аудан әкіміне берген уәдесіне тұрып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа ережелеріне сәйкес АӘК алушы қатарына енбей қалған көпбалалы Зульфия Ситербаева мен Асель Колмокбаеваға сауын сиырларды жалға берді.
Келісім-шарт бойынша, олар сиырларды күзге дейін ұстап, сүтін сауып отбасына жаратады. Сүт қабылдау пунктіне тапсыра ма, әлде қыс уақытына май, құрт, ірімшік даярлай ма өз еріктерінде. Есесіне малды дұрыс тамақтандырып отырса болды.
Мал иесі көпбалалы аналардан төлемақы сұрамағанды қойып, туатын бұзауын да өздеріне қалдырып, сыйға тартпақ екен. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасады.