Қошанов: Amanat партиясы несімен ұнамайды

0
485

Мәжіліс кулуарында Amanat партиясының төрағасы, төменгі палата спикері Ерлан Қошанов сайлау қорытындысына қатысты пікір білдірді.


Қошанов: Amanat партиясы несімен ұнамайды

ERNUR.KZ. Сегізінші сайланған парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов 19 наурыздағы сайлау әділ әрі ашық өтті деп есептейді. Бұл туралы ол мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында айтты, деп жазады sputnik.kz.

Мәжіліс кулуарында Amanat партиясының төрағасы, төменгі палата спикері Ерлан Қошанов сайлау қорытындысына қатысты пікір білдірді.
"Amanat сіздерге несімен ұнамайды? Халыққа ұнайды, халық дауыс берді. Мен сайлау әділ және ашық болды деп ойлаймын. Amanat-тың 53,9 пайыз дауыс жинауы – шынымен де лайықты жеңіс деп ойлаймын", - деді ол.
Қошанов үгіт-насихат барысында партияластарымен бірге өңірлерді, шалғай ауылдарды аралағанын, еңбек ұжымдарымен кездескенін атап өтті.
"Жеке өз басым халықтың қолдауын сездім. Сондықтан да біз осындай дауыс жинадық. Бұл біздің лайықты жеңісіміз", - деді мәжіліс спикері.
Ол жеңілгендердің сайлау нәтижесіне әрдайым көңілі толмайтынын айтты.
Еске салсақ, 19 наурызда мәжілістің кезектен тыс сайлауы өтті. Биыл мәжіліс депутаты мандатына 7 саяси партия таласты. Парламентке барлығы 98 депутат сайланды, оның 69-ы – партиялық тізім, 29-ы бір мандатты округтер бойынша өтті.
Сайлаудың қорытындысы бойынша мәжіліске алты партия өтті: Amanat партиясы – 53,9%; "Ауыл" партиясы – 10,9%; Respublika партиясы – 8,59%; Қазақстан халық партиясы – 6,8%; "Байтақ" жасылдар партиясы – 2,3%; "Ақ жол" партиясы – 8,41%; Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,2% дауыс жинады.
Тек "Байтақ" жасылдар партиясы ғана парламентке өтпей қалды. 28 наурызда Орталық сайлау комиссиясы сайланған депутаттарды ресми түрде тіркеп, оларға куәлік пен төсбелгі табыстады.