Бұл ескерткіш Құсмұрын кентінде теміржолшылардың жаңа Мәдениет үйі ашылғаннан кейін, 1964 жылы орнатылған.
Instagram / Zinchenko Sergey
ERNUR.KZ. Қостанай облысындағы кенттердің бірінде Владимир Лениннің 60 жылдан астам уақыт тұрған ескерткіші бұзылып, алынып тасталды. Жарияланған кадрларға қарағанда, мүсін екі бөлікке бөлінген, деп жазады ulysmedia.kz.
Ескерткіштің алынғаны туралы жергілікті блогер Юрий Каталевич хабарлады. Ол 13 қазанда Әулиекөл ауданына қарасты Құсмұрын кентінде түсірілген кадрларды жариялады.
Фотосуреттен ескерткіштің тұғырынан түсірілгенін көруге болады. Лениннің басы мен денесінің жоғарғы бөлігі жерде жатыр, ал артында мүсіннің қалған бөлігі орналасқан. Суретке қарағанда, ескерткіш кеуде тұсынан бөлінген.
Бұл ескерткіш Құсмұрын кентінде теміржолшылардың жаңа Мәдениет үйі ашылғаннан кейін, 1964 жылы орнатылған.
2022 жылы кентте мүсіннің тағдырына қатысты дау туындады. Сол кезде жергілікті белсенділер Ленин ескерткішін Құшмұрынның орталығынан алып тастауды, сондай-ақ оның атымен аталған көшенің атауын өзгертуді ұсынды.
Ескерткішті алып тастауды қолдағандар 400-ге жуық қол жинады. Олар Кеңес өкіметінің ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге қатысы бар екенін және Лениннің кент тарихына тікелей қатысы жоқ екенін алға тартты.
Алайда ескерткішті бұзуға қарсы болғандар да табылды. Олар мүсін Құсмұрын тарихының бір бөлігіне айналғанын айтты.
Ескерткішті бұзуға әрекет жасалған
Құсмұрындағы Лениннің төңірегіндегі дау мұнымен шектелмейді. 2015 жылдың сәуірінде ескерткіштің жанынан жанып жатқан автокөлік дөңгелегі мен көлемі 40 литрлік пропан газ баллоны табылған.
Сол кезде Қостанай облысының төтенше жағдайлар департаменті өрттің болғанын растады. Алайда ескерткішті жаруға әрекет жасалды ма, жоқ па — бұл ресми түрде анықталған жоқ.
Ескерткішті алып тастау туралы талқылаулардан төрт жыл өткен соң, мүсін ақыры орнынан алынды.


