Тағы бір адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
ERNUR.KZ. Қостанай облысының Тобыл қаласында КамАЗ жүк көлігі екі мотоциклмен соқтығысты. Жол апатынан бір мотоцикл жүргізушісі оқиға орнында көз жұмса, екіншісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп жазады baq.kz.
Қостанай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жүк көлігінің жүргізушісі солға бұрылу кезінде қауіпсіздікке көз жеткізбей, басты жолға шыққан. Осы сәтте КамАЗ-ға екі мотоцикл соғылған.
Апат салдарынан мотоцикл жүргізушілерінің бірі жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында қайтыс болды. Екінші мотоцикл жүргізушісі көптеген жарақатпен ауруханаға жатқызылды, - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша жүк көлігі жүргізушісінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.


