Төтенше жағдайлар министрлігі ел аумағында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасын іске асырып жатыр.
ERNUR.KZ. Жаңа бағдарлама ауылдық жерлерде ерікті өрт сөндіру жүйесін нығайтуда. Тек биылдың өзінде 50 өрт сөндіру пункті құрылып, қажетті техникамен, киім-кешекпен қамтамасыз етілді, 21 пункт қайта жаңартылды. Жыл соңына дейін тағы 69 пункт құру жоспарда бар. Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктер құратын өрт сөндіру бекеттеріне өрт техникасын жеткізіп жатыр. Бұл жайында ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасы Ерлан Төрегелдиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Оның айтуынша, алдын алу мен жедел әрекет етудің жаңа моделін енгізу өзінің тиімділігін дәлелдеді.
«Біріншіден, адами фактордан болатын өрттердің саны айтарлықтай азайды. Екіншіден, авиация мен күш-құралдар өртті бастапқы сатысында жедел сөндіруді қамтамасыз етті. Үшіншіден, өрт ошақтарының өршуіне жол берілмеді. Өткен жылмен салыстырғанда табиғи өрттердің өсуіне қарамастан, уақытылы және жұмылып әрекет етудің арқасында ірі табиғи өрттер орын алған жоқ», – деді ведомство өкілі.
Қазір өрт қауіпті кезең аяқталуға жақындады. Дегенмен шөптің өсімі мен ауа-райын ескере отырып, Төтенше жағдайлар министрлігі жоғары дайындық режимінде жұмысын жалғастыруда және өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырады. Өрт белгілері байқалса, дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажет.