«Курчатов Водоканал» мекемесіне биыл бірнеше мәрте жоспарлы тексеру жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылықтар анықталған.
Фото: Е.Қамбаровтың жеке мұрағатынан
ERNUR.KZ. Ертіс өзеніне кәріздің қалдық суларын толассыз жіберіп жатқан Курчатов қаласының коммуналдық мекемесі бұған дейін бірнеше мәрте жауапкершілікке тартылған. Жыл басынан кәсіпорын экологиялық заңнамаларды бұзғаны үшін 10 млн теңгеден астам айыппұл төлеген, деп жазады inform.kz.
— Абай облысы бойынша экология Департаментінің қызметкерлері Абай облысының Табиғи ресурстар басқармасының өкілдерімен, Курчатов қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысымен, сондай-ақ «Курчатов водоканал» МКК директорымен бірлесіп кәріз суы құйылып жатқан тұсына барды. Аумақты зерделеу барысында аталған төгінді су «Курчатов водоканал» МКК-на тиесілі екені анықталды. Кәсіпорынның ағынды суларды тазарту кешенінен Ертіс өзеніне құятын кәріз құбыры жарылғаны анықталып, судың түсі сұрғылт реңкке айналғаны байқалды, бірақ нәжіс табылмады. «Курчатов водоканал» МКК директоры бұл бұзушылық жақын арада жойылатынын айтты, — деп хабарлады Абай облысы бойынша экология департаментінен.
Белгілі болғандай, «Курчатов Водоканал» мекемесіне биыл бірнеше мәрте жоспарлы тексеру жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Алғашқы тексерісте кәріз жүйесіндегі суды тазартқыштар биологиялық тазартуды жеткілікті деңгейде жүргізбейтіні мәлім болған. ҚР Экология кодексінің 90-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, ұйымға 258 440 теңге айыппұл салынған.
Ал келесі тексерістің қорытындысында жасалған хаттамада (2024 жылдың 11 сәуірі, № 18 хаттама) Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің зертханалық-талдау бақылау бөлімінің мамандары ағынды суларды Ертіске жіберетін № 2 құбырда кәріз қалдықтарының мөлшері өте көп екенін анықтаған. Ондағы қалдық мөлшері экологиялық рұқсат шегінде белгіленетін қоршаған ортаға эмиссиялар нормасынан асып түскен. Осыған орай кәсіпорын 9 817 439 теңге айыппұл төленген.
Қазіргі уақытта Абай облысы экология департаментіні мамандары «Курчатов водоканал» МКК-ға қатысты жоспардан тыс тексеріс тағайындау бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, Ертіске Курчатов қаласының кәріз суы ағып жатқаны туралы жазған едік. Ертістің суын ауызсу ретінде Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларымен қоса, Қарағанды облысы да пайдаланып отыр. Сәтбаев атындағы канал арқылы ағатын өзен суы жақын жылдары Астана қаласына дейін жетеді деген жоспар бар.