Құтқарушы мамандар шеберліктерін шыңдады

0
845

Оқу-жаттығу жиынына ұлттық ұланның радиациялық, химия және биологиялық қорғау мамандары мен сарбаздардан құралған 50-ден астам адам қатысты.


Құтқарушы мамандар шеберліктерін шыңдады

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті Степногорск қаласындағы тау-кен комбинаты жанында далалық оқу-жаттығу жиындарын өткізді, деп жазады egemen.kz.

Жиынға ұлттық ұланның радиациялық, химия және биологиялық қорғау мамандары мен сарбаздардан құралған 50-ден астам адам қатысты. Оқу-жаттығу жиындары кезінде қауіпті нысандарда орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың дер кезінде алдын-алу дағдыларын меңгеру әдістері қолданылды. Сондай-ақ қатысушылар теориялық алған білімдерін тәжірибеде сынап көрді. Жаттығу өткізу үшін Степногорск тау-кен комбинаты таңдап алынды.

– Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті төрағасының тапсырмасымен оқу-жаттығу жиындары өткізілді. Бұл жиынның өзіндік ерекшелігі де бар. Мәселен, мамандар нақты радиациялық және химиялық қауіп-қатер төнген шақта не істеу керек? Міне, осындай мәселелерді тәжірибелік тұрғыда талдап, бүге-шігесіне дейін ұғындырып, ширата түсудеміз. Апаттың айтып келмейтіндігі белгілі. Халқымыз «жаман айтпай, жақсы жоқ» демей ме,–дейді ҚР ІІМ төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті басқарма бастығының орынбасары Қаһарман Оразалин.

Шара барысында мамандарға технологиялық жабдықтың өндірістік циклін жүргізу кезінде дайын өнім ыдысының герметизациялануы нәтижесінде туындаған радиациялық сәулелерден туындайтын қауіптің салдарын жою тапсырылды. Қатысушылар өздеріне қойылған міндетті мұқият орындап шықты. Мұндай маңыздағы оқу-жаттығу жиыны облыста тұңғыш рет өткізілді.