Қытай компаниялары Қазақстаннан бидай сатып алуды уақытша тоқтатты

0
1 033

2023 жылдың аяғында Парламент депутаттары Қазақстанда фермерлер сапасы төмен астықтан шығынға батуы мүмкін екенін айтқан еді.


Қытай компаниялары Қазақстаннан бидай сатып алуды уақытша тоқтатты

ERNUR.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сапасы төмен астықты Қытайға өткізу келіссөзіне қатысты түсінік берді, деп жазады inform.kz.

«Келіссөз нәтижесі қосымша хабарланады. Сонымен бірге, 2023 жылдың басынан бері Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Қытайға 87 мың тонна 3-сыныпты бидай жеткізді» делінген министрлік жауабында.

Сонымен қатар, COFCO Resources SA компаниясымен 75 мың тонна бидай жеткізу бойынша 2 келісімшарт орындалған. ALASHANKOU JINSHAHE FOUR MANUFACTURING CO., LTD компаниясымен астық тасымалдаушыларға 50 мың тонна бидайды тиеу жөнінде келісім жасалды.

Қазір 12 мың тоннасы жөнелтілді.

«Қытай нарығында және „Достық-Алашанкоу“ шекара өткелінде астық бағасының төмендеуіне байланысты бидай сатып алу уақытша тоқтап тұр» деп аталып өткен хабарламада.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қазіргі кезде сапасы төмен астық пен 5-сыныпты бидайды сатып алушыларды белсенді түрде іздестіріп жатыр.

Бұл ретте Қазақстан астығын сатып алатын елдермен, яғни Иран, Қытай, Өзбекстан, Әзербайжан және басқа да елдермен, сондай-ақ Қазақстан нарығындағы сатып алушылармен (құс әрі мал өсірушілер, спирт зауыттары) келіссөз жалғасып жатыр.

2023 жылдың аяғында Парламент депутаттары Қазақстанда фермерлер сапасы төмен астықтан шығынға батуы мүмкін екенін айтқан еді.

«Нақтырақ айтсақ, 5,6 млн тоннаның (сыныпсыз астық) 200 мыңын ғана экспорттайсыздар. Мұның өзінде Қытай осы 200 мың тоннаны нақты алатыны белсіз және бұл көлем жалпы проблеманы шешпейтіні түсінікті. Ал қалған 5,4 млн тоннаны қайда жібереміз? Біріншіден, бұл мәселені тез арада шешпесе, төмен санаттағы осы астық көктеп шығады немесе күйіп кетеді. Біздің есептеуімізше, бұл сапасыз төмен астықтың тоннасы 55 мың теңге болса, қазір шаруалардың қоймаларында 300 миллиард теңгенің өнімі жатыр. Ал екі айда ол жарамсыз болып қалады. Бұл ақшаны шаруаларға кім қайтарады», — деді Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев.