Елордада ғашығына барған сері жігіттің көлігін белгісіз біреу ұрлап мініп кеткен.
ERNUR.KZ. Қалалық полиция ізшілдері көп ұзамай қолды болған көлікті қаладағы темір-терсек өткізетін жерден тапты, деп жазады exk.kz.
Полиция бөліміне 28 жастағы қала тұрғыны өзінің Ваз-2115 маркалы көлігінің ұрланғаны жайлы хабарласқан, деп мәлімдейді Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметі.Белгісіз біреулер оның жол жиегінде тұрған көлігін айдап кеткен.
"Қошқарбаев көшесінің жиегіне қойып кеткен көлікті түрлі кілттерді қолдану арқылы ашып алған. Зардап шегушіге 700 мың теңге көлемінде шығын келген. Ізкесушілер көп ұзамай қылмыс жасаған адамды анықтады", - деп жазды қалалық ПД баспасөз қызметі.
Қаланың 36 жастағы еш жерде жұмыс істемейтін тұрғыны ұрланған көлікті темір-терсек қабылдайтын жерге апарып 100 мың теңгеге өткізіп жіберген.
Аталған қылмысқа қатысты ҚК 200-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.