Бұл жағдай Қызылорда мен аудан орталығы Тереңөзек арасындағы жолда болған.
ERNUR.KZ. Қызылорда облысының тұрғыны таксимен ұзақ жолға шығатын жолаушылардың проблемасын көтерді, деп жазады stan.kz.
"Өткен жолғы сапарымда жолда мәселе туындады. Такси жүргізуші салонда жолаушылар бар екенін ескермей, ескі көлігімен жаңа Toyota Camry-мен жарысты. Мен көлікті тоқтатуын өтіндім. Ал ол жол ақысын төлеп қойғаныма қарамастан, мені түсіріп кетті! Айнала жазық дала, тірі жан жоқ. Ойлап көріңізші, бұл адам ер азамат бола тұра, әйелді айдалада заттарымен бірге қалдырып кетті!", - деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Бұл жағдай Қызылорда мен аудан орталығы Тереңөзек арасындағы жолда болған. Ол бұдан бөлек тағы бір келеңсіз оқиға туралы айтып берді.
"Шілде айында біздің өңірде ауа райының қолайсыздығына байланысты жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көбейеді. Ал мен мінген таксидің жүргізушісі жетпіске келіп қалған азамат екен. Құдайға жалбарынып, тәспі тартып, зәре-құтым қалмай әрең жеттім. Жолда бұл қарияның жүрегі ұстап қалса, жолаушылардың жағдайы не болмақ?", – деп ашуланды әйел.
Осы оқиғалардың кейіпкері атқарушы билікке сұрақ қойды. Оны "такси жүргізушілері тасымалдаушы ретінде көлігін жүйелі түрде техникалық байқаудан өткізе ме?" деген сұрақ мазалайды.
"Такси жүргізушілерінің денсаулығын, моральдық және психологиялық жағдайын кім бақылайды? Бұл тасымалдау сегментіне кім жауап береді? Мұндай күрделі тасымалмен кәсіби жүргізушілер ғана айналысуы керек емес пе?", – деп сұрады әйел.
Ресми органдар оның хабарламасына әлі жауап берген жоқ. Бірақ көптеген адам оның сөзін қолдап пікір жазды. Адамдар өз өмірі үшін алаңдайтынын айтып, өңірдегі жолаушы тасымалын ретке келтіруді сұрады.