Қызылордада депутат карантинге қарамастан ұлына той жасаған

0
2 354

Соңғы бір аптаның ішінде қалада 8 той тоқтатылған.


Қызылордада депутат карантинге қарамастан ұлына той жасаған

ERNUR.KZ. Қызылорда облыстық мәслихат депутатының басы дауға қалды. Карантин талаптарына қарамастан, Nur Otan партиялық бақылау комиссиясының жетекшісі ұлының тойын өзінің мейрамханасында атап өтпекші болған. Тіпті салтанатты шараға қазақ эстрадасының жұлдыздары да шақыртылған. Алайда төтенсінен түскен мониторингтік топ тойды тоқтатып, қонақтарды тарқатқан. Үйлену тойына шақырылған меймандардың қатарында партия қызметкерлерімен қатар, ірі шенеуніктер де бар, деп жазады Stan.kz.

Видеоның әлеуметтік желілерді шарлап жүргеніне бірнеше күн болды. Аталмыш кадрларды мониторингтік топ өкілдері түсірген. Кейін белгілі болғандай, тексерушілер облыстық мәслихат депутаты ұлының үйлену тойын тоқтатқан екен. Камерадан қашқан шенеуніктер, беттерін қолдарымен басып әуре болды.


"Бұл өте өкінішті жағдай. Нұротандықтар мен мемлекеттік қызметкерлер көпке үлгі болуы тиіс. Көпшілікті карантин талаптарын сақтауға шақырудың орнына, өздері той тойлап жүр. Депутаттың бұл әрекетке не себепті барғаны түсініксіз. Шенеунік заңның барлығына ортақ екенін ұмытып кетсе керек", - деді арнайы мониторингтік топ жетекшісі Ләззат Бақтыбаева.


Қазіргі таңда аталмыш жағдай Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарының назарында. Құжаттар зерделеніп жатыр. Егер карантин талаптары бұзылғаны нақтыланса, той ұйымдастырушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.


"Мониторингтік топ әзірлеген құжаттардың барлығы департаментке келіп түсті. Қазіргі уақытта мамандар анықтау жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Заңды өрескел бұзған азаматтарға айыппұл салынатын болады. Тексеру жұмыстарының қорытындысы қосымша хабарланатын болады", - деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.


Бүгін облыстық мәслихат депутатына сөгіс жарияланғаны белгілі болды. Сонымен қатар, ол "Nur Otan" партиялық бақылау комиссиясының жетекшісі қызметінен босатылды. Тағы екі халық қалаулысына ескерту берілді. Бұл туралы "Nur Otan" партиялық бақылау Комитетінің төрағасы Артур Платонов өзінің Facebook әлеуметтік желісі арқылы хабарлады.

Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, соңғы бір аптаның ішінде қалада 8 той тоқтатылған. Оның жетеуі мейрамханаларда өткізілсе, біреуі жеке секторда ұйымдастырылған. Жыл басынан бері өңірде карантин талаптары бұзылуының 100 фактісі тіркелген.