Қызылордада Елтаңба қоқыс жәшігінен табылды

0
335

Мемлекеттік рәміздерді қорлау қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.


Қызылордада Елтаңба қоқыс жәшігінен табылды

ERNUR.KZ. Қоқыста жатқан Елтаңба әлеуметтік желіде кеңінен тараған. Жалпы, жарамсыз мемлекеттік рәміздерді ауыстырудың, жоюдың өзіндік тәртібі бар, деп жазады inbusiness.kz.

- Қазіргі таңда Қызылорда қаласы әкімдігі тарапынан аталған қоқыс жәшігіне ҚР Мемлекеттік рәмізі – Елтаңбаны тастаған тұлғаны анықтау мақсатында қалалық полиция басқармасы шақыртылып, арыз берілді. Анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Анықталған тұлғаға тиісті шара қолданылады, - деп хабарлады "Ашық Қызылорда" парақшасы.

Өз кезегінде Қызылорда қалалық Полиция басқармасы қала тұрғындарына қатаң ескерту жасады. Яғни, ҚР Қылмыстық Кодексiнің 372-бабы Мемлекеттік рәміздерді қорлау тақырыбына арналады.

- Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау – үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоғыз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады, - деп толықтырды.

Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы әлеуметтік желідегі ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының қоқыс жәшігінде жатқаны туралы жарияланымға жауап берді.

- Аталған жағдайға байланысты Басқарма жанынан құрылған инспекциялық топпен зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Қызылорда қалалық Полиция Басқармасына Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау дерегі бойынша арыз түсіріліп, анықтау шаралары қабылдануда.
Айта кету керек, Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ауыстыру және жою "Ұлттық стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою Қағидаларында" көзделген тәртіппен жүзеге асырылуы тиіс, - деді басқармадағылар.