Баланың әке-шешесі ұлының көлікке отырмағанын байқамай, кетіп қалған. Тасжолда келе жатқан баланы полиция тауып алды.
ERNUR.KZ. Қызылорда облысында ерлі-зайыпты баласын байқаусызда тасжолда қалдырып кетті, полиция қызметкерлері баланы тауып, отбасына қайтарды, деп жазады sputniknews.kz.
Оқиға 1 ақпан күні сағат 23:30-да болған. Жолды күзетуге шыққан полицейлер Қодаманов ауылының маңында жолда келе жатқан баланы байқаған.
Патрульдік ротаның полицейлері баланы Шиелі аудандық полиция бөліміне жеткізіп, не жағдай болғанын сұрайды.
Тоғыз жасар баланың ата-анасымен бірге келе жатып кездейсоқ жолда қалып қойғаны белгілі болды. Автокөлік жол жиегіне тоқтап, ата-анасы көліктен түскен. Осы кезде олардың артқы орындықта ұйықтап жатқан баласы оянып, ұйқылы-ояу дәрет сындыруға шыққан.
Тәртіп сақшылары шұғыл түрде "LADA Vesta" маркалы автокөлікке іздеу салады. Көп ұзамай тұрақтардың бірінен баланың ата-анасының көлігі табылды.
Полицейлер таңғалған ата-анаға баласын қайтарып берді. Олар баланы тасжолда қалдырып кеткенін ұлымен кездескен кезде бір-ақ білді.
Полицейлер түсірген видеода ер адам (баланың әкесі болса керек) оқиғаның қалай болғанын түсіндіреді.
"Бәріміз отырдық деп ойладық. Ол қалып қойып, айғайлаған – ештеңе естілмеді", - дейді ер адам видеода.