Ол бұл ақшаға «арзан алтын» жеткізіп беруі керек еді.
Фото: скриншот
ERNUR.KZ. Бас прокуратура мен Интерпол Ұлттық орталық бюросы Сыртқы істер министрлігінің жәрдемінің арқасында бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан азаматшасын Түркиядан елге қайтарды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, ол азаматтарға «арзан алтын жеткізіп беремін» деп уәде берген.
«Күдікті 2024 жылы Қызылорда қаласында төмен бағада зергерлік бұйым жеткізіп беремін деп, оларды алдап кеткен. Оның қылмыстық әрекетінің салдарынан 8 адам жапа шегіп, оларға жалпы сомасы шамамен 130 млн теңгеге материалдық залал келген», - деп хабарлайды Бас прокуратура.
Ақшаны қалтаға басқан соң ол елден тыс жерге бой тасалаған. Сондықтан, полиция оны халықаралық іздеуге салған еді.
«Ол Түркия Республикасының аумағында ұсталды. Күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деп ескертеді прокуратура.


