6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі балалар арасында жағдай тұрақтанғанға дейін қосымша иммундау жүргізіледі.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында биыл қызылшаның зертханалық расталған 15 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 42% төмен, деп жазады inform.kz.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, сырқаттанғандардың 40% — Петропавл тұрғыны, 2 жағдайдан Ақжар, Мамлют, Уәлиханов аудандарында және бір жағдайдан Қызылжар, Шал ақын, Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда тіркелген.
Сондай-ақ қызылша жұқтырғандардың 60% — 5 жасқа дейінгі балалар болса, жалпы ауырғандардың 94% осы инфекцияға қарсы вакцинацияның толық курсы болмаған.
— Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қаулыға қол қойды. Нәтижесінде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинациялау көбейеді.
6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі балалар арасында жағдай тұрақтанғанға дейін қосымша иммундау жүргізіледі. Облыста жылдың басынан бастап осы жас тобында 232 адамға вакцина салынды, — дейді департамент басшысы Әсет Жұматаев.
Бұдан бөлек Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес егілмеген 2 жастан 5 жасқа дейінгі және 7 жастан 18 жасқа дейінгі 119 балаға вакцина салынды.
Екпе алғаны туралы деректері жоқ 30 жасқа дейінгі денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері де вакцина алып жатыр.
— Балаларды жоспарлы емдеуге жатқызуға қойылатын талаптар күшейтілді. Енді тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар балаларды қоспағанда, қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы вакцинациясы жоқ балалар жоспарлы түрде стационарларға жатқызылмайды.
Білім беру ұйымдарына ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін балалардың кемінде 90% екпелермен қамту ұсынылды.
Мектептер мен балабақшаларда аурудың белгілерін анықтау үшін «таңертеңгі сүзгі» жүргізілуі керек. Ал қызылша анықталған жағдайда екпе алмаған балаларды уақытша шеттету көзделген, — дейді Әсет Жұматаев.


