ҚР ІІМ басшысы Қалмұхамбет Қасымов ломбардтардың жұмысына қатысты тың ақпараттармен бөлісті.
ERNUR.KZ.ҚР ІІМ басшысы Қалмұхамбет Қасымов ломбардтардың жұмысына қатысты тың ақпараттармен бөлісті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қылмыстарға, оның ішінде ұялы телефондарға қатысты проблемалар бар. Тек қана Алматының өзінде 4500 телефон ұрлау дерегі тіркелді. Неліктен? Себебі базардың ана бұрышында тұрып телефон ұрлап, келесі бұрышында оны саудаға айналдырады. Біздің операторлар тура сол кезде есепке қояды. Бұл Еуропа да мүмкін емес дүние. Ал бізде мүмкін... Сол себепті, бізде телефон ұрлаумен айналысатындарға жол ашық»,- деді министр Алматыда өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы ішкі істер министрлігі әріптестігінің төртінші отырысы бойынша өткен брифингте.
Министр 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың барлығы телефондарын ЖСН арқылы тіркеуге міндеттелетіндігі туралы айтты.
Осының арқасында ұялы телефон ұрлығы азаюы тиіс. Бүгінде ұялы телефон ұрлау барлық жасалатын қылмыстың 15-20 % құрайды.
«Ломбардтар бізде ешбір заңды негізсіз жұмыс істеп келген. 1997 жылы Ұлттық банк олардың жұмыстарына қатысты қаулы қабылдаған. Бұл құжат қазір ескірді. Былайша айтқанда, ломбардтар ұрланған мүлікті сату орнына айналды. Ұрлық жасап, мүлікті ломбардта өткізіп жіберуге болады. Бұл басқа елдерде мүмкін емес дүние. Біз Ресей, Германия, Өзбекстан елдерінің тәжірибелерін қарадық. Сондықтан тиісті заңға өзгертулер енгіздік. Мамырда қабылданған Заңға сәйкес ҚР ҰЭМ Ломбардтар туралы қаулы дайындап жатыр. Енді ломбардтар мүлік өткізетіндерді суретке түсіретін болады. Осылайша біз мүлікті заңдылығын тексереміз. Болашақта қылмыскерлер ломбардқа ұрланған зат өткізбейтін болады», - деді Қалмұхамбет Қасымов.