Мәдениетті қолдау – адамзаттың жарқын келешегіне салынған инвестиция

0
246

Жаңа мәдениет үйлерін салу, қолданыстағы ғимараттарды жаңғырту жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр.


Мәдениетті қолдау – адамзаттың жарқын келешегіне салынған инвестиция

фото: qazdauiri.kz

Кез келген елдің қуаты экономикалық көрсеткіштерімен ғана емес, мәдени-рухани байлығымен де өлшенеді. Себебі, өнері өрлеген, әдебиеті өркендеген, мәдениеті қалыптасқан ұлттық құндылықтарын сақтап, жер жүзінен өз орнын таба алады. Сондықтан Қазақстан да рухани-мәдени саланы дамыту, шығармашыл жандарды қолдау және халыққа қолжетімді мәдени орта қалыптастыру жұмыстарын мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырады.

Нәтижесінде, кейінгі жылдары Қазақстаның әр өңірінде мәдени инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Бүгінгі таңда елімізде 7 445 мәдениет мекемесі жұмыс істеп жатыр. Оның 4000-ға жуығы кітапхана, 3000-нан астамы мәдени-демалыс ұйымы, 286-сы музей, 85-і театр және 67-сі концерттік ұйым. Бұл көрсеткіштер мәдениет пен руханияттың қоғам өміріндегі маңыздылығын көрсетеді.

Қазіргі мемлекеттік саясатқа сәйкес, мәдениет нысандарын көбейту, әсіресе ауылдық жерлердегі халықтың шығармашылық мүмкіндігін молайту негізгі міндеттердің бірі болып саналады. Осы орайда соңғы бес жыл ішінде ел аумағында 270-тен аса мәдениет нысаны қолданысқа беріліп, 1300-ге жуық нысан жөндеуден өткізілген. Жаңа мәдениет үйлерін салу, қолданыстағы ғимараттарды жаңғырту жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Ауылдағы мәдениет үйлері де жаңа бағытта жұмыс істеп, түрлі үйірмелер, театрландырылған сахналар, вокал және би топтары ашылып, жас таланттар арқылы ұлттық өнерді дамытатын орталықтарға айналуда.

Мемлекет тарапынан рухани-мәдени саладағы шығармашылық бастамаларға қолдау көрсету ісі де жолға қойылған. 2029 жылғы ұзақмерзімді жоспарға сәйкес, талантты жастарды табу, шығармашыл ұйымдарды дамыту, ұлт мәдениетін әлемдік деңгейде таныту жұмыстарына басымдық берілген.

Мәселен, қазіргі таңда елімізде жас таланттардың жаңа жобаларын қолдауға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Былтыр аталған жоба аясында 14-35 жас аралығындағы азаматтарға 3 миллион теңгеден отыз грант берілген. Сонымен бірге, кино, анимация, дизайн, цифрлық өнер, қолөнер, заманауи музыка индустриясы да дамытылып жатыр. Яғни, қазір елімізде ұлттық өнерден бөлек, заманауи бағыттарға да мол мүмкіндік қарастырылған.

Рухани-мәдени саланы өркендетудегі басты мақсат – адамзаттың рухани әлемін байыту. Тіпті, бір ғана дарынның бір ғана мықты шығармасы тұтас қоғамның санасын сілкінте алады. Сондықтан мәдениет пен руханиятқа көрсетілген қолдау – адамзаттың жарқын келешегіне салынатын маңызды инвестиция болып саналады.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ