Майқайыңдағы "мумия": Павлодар облысында 2 бірдей мәйіт ұзақ уақыт үйде сақталып келген

0
88

Жаға ұстатарлық жайт дүйім жұртты алаңдатты.


Майқайыңдағы

Фото: Астана ТВ

ERNUR.KZ. Павлодар облысының Майқайың кентінде елді дүрліктірген жағдай орын алды. Мұндағы үйлердің бірінен ер және әйел адамдардың денелері табылды, деп жазады inbusiness.kz.

Өткен жұма, 13 қаңтар күні кенттегі баспаналардың бірінен болжам бойынша осыдан шамамен екі жыл бұрын өмірден өткен әйел адамның, жарты жылға жуық уақыт бұрын көз жұмған ер адамның мәйіттері анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, бірі – әкесі, екіншісі – қызы. Олар өмірден өтсе де отанасы ұзақ уақыт бойы үйде сақтап келген. Бұл туралы кездейсоқ белгілі болды.

Жергілікті дәрігерлер қайтыс болғандардың бірі ұзақ уақыттан бері қабылдауға келмегені күдік тудырды. Тұрғылықты мекенжайына барған кезде ешкім есік ашқан жоқ. Сондықтан полиция өкілдерін шақыруға тура келген. Сол уақытта ғана екі мәйіт туралы белгілі болды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл уақытта отанасы осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған қызының жәрдемақысын, өткен күзде жан тапсырған жолдасының зейнетақысын алып келген. Ең қиыны, сол үйдің алты жасар қызы олардың ортасында күн көруге мәжбүр болған. Тіпті, әжесі екеуі анасы мен атасын "емдеу" үшін бал жағып, денелерін майлағанын айтқан. Қазіргі таңда бала дәрігерлердің бақылауында.

"Медицина мамандары толық тексерістен өткізгеннен кейін қыз бала Екібастұз қаласындағы балаларды қолдау орталығына орналастырылады. Үйден табылған мәйіттердің бірі әлгі баланың анасы болып шықты. Онымен балалар психологы жұмыс істеп жатыр", – дейді Павлодар облысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Сәуле Шакенева.

Оқиғаға қатысты құзырлы органдар жұмған аузын ашпай отыр. Тек жергілікті Полиция департаменті аталмыш жайтқа қатысты қылмыстық істің қозғалғанын хабарлады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын алға тартып, қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.