Маңғыстауда ереуілге шыққан West Oil Software компаниясының 26 қызметкері жұмыстан босатылды

0
1 022

Жетібай ауылындағы WOS жұмысшыларының ереуілі 11 желтоқсанда басталған еді.


Маңғыстауда ереуілге шыққан West Oil Software компаниясының 26 қызметкері жұмыстан босатылды

ERNUR.KZ. Сот қызметкерлер ұйымдастырған ереуілді заңсыз деп танып, West Oil Software компаниясының 26 жұмысшысын қызметінен босатты, деп жазады stan.kz.

Жетібай ауылындағы WOS жұмысшыларының ереуілі 11 желтоқсанда басталған еді. Олар өз ұйымын "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына қабылдап, ҚМГ-да әрекет ететін бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне көшіруді талап етті. 12 желтоқсанда Қарақиян аудандық соты ереуілді заңсыз деп таныды.

13 желтоқсан күні сот шешімі негізінде West Oil Software компаниясының басшылығы ереуілдің жеті қатысушысын жұмыстан шығарды. Бүгін тағы 19 адамның жұмыстан босатылғаны белгілі болды. Осы ақпараттың анық-қанығын білу үшін Stan.kz ақпарат агенттігі West Oil Software компаниясына хабарласып көрген еді, алайда телефоны өшірулі.

Айта кетейік, бұған дейін 11 желтоқсанда Маңғыстау облысының Жетібай ауылында "West Oil Software" ЖШС (WOS) өндірістік базасының жанында компанияның қызметкерлері жиналып, келесідей талаптарды қойды: 1) жалақыны "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесімен (ЕСОТ) теңестіру, 2) материалдық-техникалық базаны жаңарту, 3) ҚМГ еншілес кәсіпорнының штатына ауыстыру.

"ҚазМұнайГаз" ереуілшілердің талабына жауап берді.

ҚМГ-нің еншілес кәсіпорнының штатына ауыстыруға қатысты.

Бұл талапты орындау мүмкін емес. Өйткені WOS қызметкерлерін штатқа қабылдау аймақта есепте тұрған, жұмысқа орналасу кезегін күтіп отырған басқа жұмыссыз тұрғындардың құқығын бұзады.

Бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне (ЕСОТ) сай еңбекақы беру.

Бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесі (ЕСОТ) – ҚазМұнайГазға қарасты еншілес компанияларда қолданылатын ішкі жүйе. Бұл жүйе ҚМГ компаниялар тобына кірмейтін ұйымдарда қолданылмайды. "WOS" ЖШС дербес жеке компания болғандықтан, ұйымда бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесін енгізу мүмкін емес.

Көлік құралдарын жаңарту.

Қазіргі уақытта WOS арнайы техника паркін жаңарту мәселесі басымдыққа ие. 3 жыл ішінде 202 техника бірлігін жаңарту бағдарламасы әзірленді.

Ереуіл салдарынан "Ойл Транспорт Корпорейшэн" компаниясына келетін шығын көлемі күніне 25 млн теңгені құрап отыр. Бұл жағдай компанияның қаржылық жағдайына нұқсан келтіріп, тапсырыс беруші алдындағы міндеттемелерін уақтылы орындауына мүмкіндік бермей отыр.

"ҚазМұнайГаз" компаниясы "West Oil Software" ЖШС жұмысшыларын еңбек тәртібін бұзбауға, орындалуы мүмкін емес талаптар қоймауға және жұмыстағы міндеттеріне қайта оралуға шақырады.

Өз кезегінде Маңғыстаудағы басқа ұйымдардың жұмысшылары ереуілшілерді қолдап, еңбек дауына байланысты қысымды тоқтатуды талап етіп, президентке үндеу жазды.