Маңғыстауда Түпқараған және Қарақия аудандары әкімдіктерінің лауазымды тұлғаларына айыппұл салынды

0
573

Қарақия ауданы әкімдігінің бөлім басшысы айыппұл салу туралы қаулымен келіспей, сотқа жүгінді.


Маңғыстауда Түпқараған және Қарақия аудандары әкімдіктерінің лауазымды тұлғаларына айыппұл салынды

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Түпқараған мен Қарақия аудандарының әкімдіктерінде монополияға қарсы заңнаманың бұзылу деректерін анықтады, деп жазады inform.kz.

Құзырлы органның мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар жыл сайын конкурс өткізбей «Kazakh Osseter» ЖШС болып табылатын бір ғана ұйымды айқындап, сол арқылы бәсекелестікті болдырмаған. Осылайша, шекара қызметі, ішкі істер органдары мен балық инспекциясы рейдтік іс-шаралар кезінде тәркіленген барлық балықты тек «Kazakh Osseter» ЖШС-не беріп отырған.

Ал заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар тәркіленген бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және одан әрі сату үшін ұйымды мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу арқылы айқындауға тиіс. Сондықтан әкімдіктердің лауазымды адамдарына қатысты бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттер (әрекетсіздік) жасағаны үшін, монополияға қарсы органның қаулысымен ҚР ӘҚБтК 163-бабының 1-бөлігіне сәйкес айыппұл салынды.

Алайда Қарақия ауданы әкімдігінің бөлім басшысы айыппұл салу туралы қаулымен келіспей, сотқа жүгінді. Қарақия ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасының «бекіре тұқымдас балықтар тәркіленген жағдайда жарты сағат ішінде комиссия құрылып, 3 күн ішінде мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу арқылы ұйым айқындалады» деген уәждерін, сот негізсіз деп есептеді.

Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотымен және апелляциялық сот алқасымен Монополияға қарсы органның қаулысы заңды және негізді деп танылды. Нәтижесінде лауазымды тұлғаға 300 АЕК (1 107 600 тг) мөлшерінде айыппұл салынды. Түпқараған ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғасы әкімшілік іс жүргізу материалдарымен ақыры келісіп, қысқартылған іс жүргізу тәртібімен істі қарауға ниет білдірді және көзделген айыппұлдың 50 пайызын 553 800 тг көлемінде айыппұл төледі.