Биыл бұрынғы полковник сот алдында жауап берді.
Фото: Кәрім Мәсімов пен Алимжан Кадыров
ERNUR.KZ. Алматыда өзін ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің туысымын деп таныстырып, таныстарынан ақша алған бұрынғы полиция полковнигі Алимжан Кадыров сотталды, деп жазады stan.kz.
Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Алматыда бұрын ішкі істер министрлігінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған полиция полковнигі Алимжан Кадыров алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Ол таныстарына өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің туысымын деп таныстырып, мемлекеттік органдардағы күрделі мәселелерді шешіп беруге уәде еткен. Сот оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.
Журналистің дерегінше, ол Кадыров туралы алғаш рет 2020 жылдың сәуірінде жазған. Ол кезде полиция полковнигіне бірнеше адам арыз түсіріп, халықаралық іздеу жарияланған. Кадыров бұған дейін еліміздің әртүрлі өңірінде жол полициясында жауапты қызметтер атқарған. Кейін ол ұсталып, алдымен үйқамақта болған, одан соң уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алайда тергеу изоляторына тек 2025 жылдың соңында жеткізілген. Осылайша, істі тергеу бес жылдан астам уақытқа созылған.
Биыл бұрынғы полковник сот алдында жауап берді. Оған төрт эпизод бойынша айып тағылған. Әр жағдайда ол таныстарына күрделі мәселелерді шешіп беруге уәде етіп, ақша алған.
Мәселен, бір адамға Алматының "Алтын квадрат" ауданындағы жер телімін өз атына рәсімдеп беруге уәде етіп, 53 мың доллар (шамамен 24,3 миллион теңге) сұраған. Тағы бір жәбірленушіге Алматы облысындағы алма бағын қайтарып алуға көмектесетінін айтып, 200 мың долларға (шамамен 91,8 миллион теңге) жуық ақша алған.
Үшінші адам қарыздарына байланысты елден шыға алмай жүрген. Кадыров бұл мәселені 35 мың долларға (шамамен 16,1 миллион теңге) шешіп беруге уәде еткен. Ал төртінші жәбірленушіден бизнеске инвестиция салу сылтауымен 48 мың доллар (шамамен 22 миллион теңге) алған. Бұдан бөлек, сол кездегі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің әйелін емдетуге қажет деп тағы 10 мың доллар (шамамен 4,6 миллион теңге) сұраған.
Кадыров таныстарына өзін Кәрім Мәсімовтің туысы ретінде таныстырған. Алайда кейін олардың арасында ешқандай туыстық байланыс жоқ екені анықталған. Ол мұны адамдардың сеніміне кіру үшін пайдаланған.
Сотта Кадыров өз кінәсін мойындамаған. Ол үш жәбірленушіден ақша алмағанын, ал төртіншісімен есеп айырысқанын айтқан. Алайда сот оның уәждерін сын көзбен бағалап, кінәлі деп таныды.
Сондай-ақ оған келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеттелді. Үкім заңды күшіне енген. Михаил Козачковтың болжамынша, бұрынғы полицей жазасын Кәрім Мәсімовпен бір мекемеде өтеуі мүмкін.


