Мәскеуде Әлия Молдағұлованың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

0
651

Аты аңызға айналған мергеннің есімін иеленген көшенің бойында тұр. Бұл – Ресей астанасының Вешняки ауданындағы ең үлкен көше.


Мәскеуде Әлия Молдағұлованың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

фото: кадрдан скринделген

ERNUR.KZ. Мәскеудегі үйлердің біріне қазақтың қаһарман қызы, Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды, деп жазады 24.kz.

Бұл үй аты аңызға айналған мергеннің есімін иеленген көшенің бойында тұр. Бұл – Ресей астанасының Вешняки ауданындағы ең үлкен көше.

Мәскеудің Вешняки ауданында 1943 жылы қыз-келіншектерге арналған әлемдегі тұңғыш мергендер мектебі ашылды. Алғашқылардың бірі болып Әлия Молдағұлова қабылданды. Кейін ол соғыста ерлікпен қаза тауып, Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Бұл ауданда Әлияның есімі екі көшеге берілген. Бірі Молдағұлова, екіншісі Снайперлік деп аталады. Ескерткіш тақта орнату бастамасын жергілікті тұрғындар көтерген.

Елена Кац, Вешняки ауданының депутаты:

- Осы үйге ескерткіш тақта орнату туралы ұсыныс жасалған бетте бірнеше күннің ішінде 400-ден астам көршіден қол жиналды. Яғни, бәрі бірауыздан қолдады. Әсіресе, Әлия Молдағұлованың қазақ халқының қызы екенін ерекше атап өткеніміз жөн. Ол біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Осы естелікті ұрпағымызға табыстау үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.

Жергілікті тұрғындардың көбі Әлия Молдағұлова атындағы мектептің түлектері. Осы гимназияда 1987 жылы батыр қыздың құрметіне арналған музей де ашылды. Мұражайдың негізін педагог Наталья Зайцева қалаған. Ол өмірінің саналы бөлігін қазақ қызының ерлік жолын сақтауға және насихаттауға арнады, мергендер мектебі туралы кітап шығарды, Әлияның рухына арнап жыр жазды.

Наталья Зайцева, Әлия Молдағұловаға арналған музейдің негізін қалаушы:

- Әлия – өмірімнің мәні. Атам соғыстан келгенде ол туралы ештеңе айтпады, тек өлер кезінде «қызым, қазақтар өте тамаша халық, адал, қазақтан досың болса, олар сені ешқашан далаға тастамайды» деді.

Қазір бұл ауданда бірнеше мектеп біріктіріліп жатыр. Әлияның есімін иеленген гимназия 1512-ші мектептің филиалына айналды. Жергілікті тұрғындар әкімшіліктен аталған оқу орнына Әлия Молдағұлованың атын беруді сұрап отыр.

Болат Жамалов, «Қазақ диаспорасы» қорының басшысы:

- Былтыр Жеңістің 75 жылдығында және Әлия Молдағұлованың туғанына 95 жыл толған мерейтойында екі рет өтініш бердік. Мәскеудегі мектеп батыр қыздың есімімен қайта аталады деп сенеміз.

Бұл Ресей астанасында қазақстандық батырдың атын иеленген жалғыз оқу орны емес. Мәскеудегі тағы бір мектеп аты аңызға айналған қаһарман Бауыржан Момышұлының есімімен аталады.