Мәжіліс кредитке қатысты заң жобасын мақұлдады

0
1 083

​Заң жобасын қабылдау халықтың қарызға белшесінен батуына жол бермейді, деп атап өтті мәжіліс депутаты Альберт Рау.


Мәжіліс кредитке қатысты заң жобасын мақұлдады

ERNUR.KZ. Микроқаржы ұйымдары азаматтарға кредит берген кезде, оның пайызын қосқандағы жалпы соманы келісімшарттың бірінші бетінде көрсетуі тиіс. Мәжіліс қазақстандықтардың кредитті тым көп алуына жол бермеу мақсатында әзірленген заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Мәжілістің жалпы отырысында микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері туралы заң жобасы қаралды. Заң жобасы азаматтардың кредитті бұдан әрі тым көп алуына жол бермеу және тұтынушылық кредит берудің оңтайлы өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.

Құжатты төменгі палатаның депутаттары әзірлеген.

Мәжілісмен Альберт Раудың айтуынша, Қазақстанда азаматтарды оңды-солды кредиттеу проблемасы әлі шешілмей келеді.

Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, 2020 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша микроқаржы ұйымдарынан 170 мың кәсіпкер мен 810 мың жеке тұлға қарыз алған. Несиенің жалпы сомасы 735 миллиард теңгеден асады. Бөлшек несие бойынша қарыз алушылардың 38%-і, шамамен 310 мың адам кредитін төлей алмай жүр.

"Азаматтарды қосымша қорғау мақсатында депутаттар микроқаржы және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері туралы заң жобасын әзірледі. Оған сәйкес, микрокредит беру туралы келісімнің алғашқы бетінде кредиттің толық сомасы (кредиттің пайызын қосқанда, үстіне қанша теңге қосып төлейтіні), сондай-ақ, микрокредитті өтеу кестесі көрсетілуі тиіс", - деді депутат.

Бұдан бөлек, заң жобасы коллекторлық агенттіктердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Мәжілісмендер олардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерін 10 миллион теңге деп белгілеуді ұсынып отыр.

Депутат жарғылық капиталға қатысты талаптарды енгізудің негізі бар екенін атап өтті.


"Мәселен, активтер ақпаратты сақтау, жеке мәліметтерді қорғау, аудио-видеофиксация, кеңсе ұстау және тағы басқа үшін қажет", - деді Рау.


Оның айтуынша, заң жобасын қабылдау халықтың қарызға белшесінен батуына жол бермейді.

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.