Депутаттың айтуынша, Қазақстанда тұрмысы төмен адамдардың 40%-і өз бюджетінің 59 процентін азық-түлікке жұмсайды.
ERNUR.KZ. Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары үкіметке ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін көтеруді ұсынды, деп жазады sputnik.kz.
Мәжілісмен Ерлан Сайыров вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында кедейлік мәселесін көтерді.
Айтуынша, Дүниежүзілік банк әлемдегі кедейліктің екі шегін қарастырған: табысы орташадан төмен елдер үшін күніне бір адамға – 3,2 доллар, табысы орташадан жоғары елдер үшін – 5,5 доллар.
Ал Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2,8 долларды құраса, Ресейде – күніне 6 доллар.
"Күнкөріс деңгейі өте төмен болғанның өзінде, 2021 жылы табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны ресми түрде 998 мың адам болды. Ал бейресми сарапшылар бұл көрсеткіштің 1,5 миллион, тіпті одан да жоғары екенін айтады. Өмір көрсеткендей, халықтың жаппай кедейлігі мемлекетке өте қымбатқа түседі! Ішкі жалпы өнімнің еселеп өсуіне қарамастан, Қазақстан ондаған жылдар бойы кедейлік шегін көтермей келеді. Бүгінде Қазақстан – күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі және Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің деңгейінде тұр. Ал Еуропа елдерінде кедейлік орташа табыстың 60% деңгейінде белгіленеді", - деді Сайыров.
Айтуынша, Қазақстанда тұрмысы төмен адамдардың 40%-і өз бюджетінің 59 процентін азық-түлікке жұмсайды. Кей кездері бұл көрсеткіш одан да жоғары.
Депутат Қазақстанда азаматтардың төмен әлеуметтік жағдайының екі индикаторы барын айтты. Олар: ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегі. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70%-іне тең.
"Бұл ертедегі үкіметтердің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған қулығы. Яғни, әлеуметтік көмек алғың келсе, сіңір кедей болуың керек! 2020 жылы бағаның тұрақты өсуіне байланысты әлеуметтік көмекке сұраныс өсіп, зәру адамдардың саны артса да, атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылғандар қатары азайған. Бұл фактор мұқтаж азаматтардың әлеуметтік жағдайын мүлдем тұралатып жіберді", - деді депутат.
Осыған байланысты фракция кедейлікпен күресу үшін үкіметке мынадай шаралар ұсынды:
елдегі жалпы ішкі өнім деңгейіне, халықаралық стандарттарға сәйкес Қазақстанда кедейлік шегін арттыру.
қоғам ішіндегі кедейлік туралы көзқарасқа сәйкес келетін, кедейліктің жаңа анықтамасын енгізу;
ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегін біріктіріп, ең төменгі күнкөріс шегін арттыру; табысы 2 ең төменгі жалақыдан (ең төмен жалақы 60 мың теңге – Sputnik)аспайтын азаматтарды жеке табыс салығынан босату;
ең төмен жалақыны жыл сайын индексациялау;
ең төмен жалақы алатындардың жұмыссыздық бойынша сақтандыру сомасын арттыру арқылы сақтандыру жүйесін жетілдіру.