Мектепте оқушылардың үйінен әкелген тамағын жеуіне жағдай жасалады

0
721

Бұған дейін отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін қолданылған норма алынып тасталған.


Мектепте оқушылардың үйінен әкелген тамағын жеуіне жағдай жасалады

ERNUR.KZ. Мемлекеттік мектептерде және білім ошақтарынан тыс қосымша білім мекемелеріндегі оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру қағидасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек, деп жазады ҚазАқпарат.

Оқу-ағарту министрлігі ашық талқыға шығарған бұйрықтағы өзгеріске сәйкес, енді мектепте тамақтанудың балама нұсқаларын таңдау мүмкіндігі берілмек.

«Мектеп асханасында жабдықтар мен тиісті жағдай болған кезде мектеп оқушыларының тамақтануын ұйымдастыру жөніндегі тауарларды жергілікті атқарушы органдардың шешімі негізінде асхана меңгерушілерінің, аспаздардың, асхана қызметкерлерінің штаттан тыс бірліктерін енгізу арқылы конкурстық негізде сатып алуға рұқсат етіледі. Бұл білім ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің сапалы тамақтануын ұйымдастыру үшін тамақ өнімдерінің тізбесін таңдауды кеңейту мақсатында жасалып отыр. Білім беру ұйымдарында оқушыларға өзімен бірге әкелген тағамдарды жеуіне қажетті жағдай жасалады», - делінген құжатта.

Сондай-ақ, бұған дейін отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін қолданылған норма алынып тасталған.

Атап айтқанда, бұрын мектеп асханалары азық-түліктің кемінде 60 пайызын отандық өндірушілерден сатып алуы тиіс болатын.

Құжатта жазылғандай, бұл бастама Еуразия экономикалық одағының Қазақстанның ішкі нарығында кедергілерді жою бойынша жасаған қорытындысы негізінде қолға алынған.

«Тағамдардың, тамақ өнімдерінің және аспаздық өнімдердің тұтынушылық қасиеттері, олардың органолептикалық қасиеттері, дайындау технологиялары мен шарттары балаларға арналған тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі бөлігінде Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріне сәйкес келуі тиіс», - деп жазылған бұйрықта.

Бұдан өзге, сатып алынатын азық-түлік өнімдері ҚР Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сай болуы тиіс.

Бұйрықты ашық талқылау 25 қарашаға дейін жалғасады.