Министр үкімет "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша арендалық төлемнің бір бөлігін субсидиялауды ұсынып отырғанын айтты.
ERNUR.KZ. Баспанаға мұқтаж азаматтар үшін арендалық пәтер төлемін субсидиялау тетігі жыл соңына дейін әзірленеді. Үкімет жалға алу құнының 70-80 процентін төлеуге көмектесуді жоспарлап отыр. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.
"Арендалық төлемді субсидиялау тетігі осы жылдың соңына дейін әзірленеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдерде тұрғын үй қорының 30 проценті – бұл арендалық үйлер. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 1,7%. Қазіргі таңда мұқтаждар кезегінде 530 мың адам тұр", - деді Атамқұлов онлайн баспасөз мәлихатында.
Министрдің айтуынша, үкімет "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша арендалық төлемнің бір бөлігін субсидиялауды ұсынып отыр.
"Оның мөлшерін қазір мемлекеттік органдармен нақтылап жатырмыз. Шамамен – 70-80 процент. Нақты кімдерге қолдау көрсетілетінін "Отбасы банкі" анықтайды", - деді ол.
Ол субсидиялау тетігі үкіметтің қаулысымен қабылданатынын атап өтті.