Президентке білім ошағының ғылыми-инновациялық экожүйесі туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне барып, жоғары оқу орнының қызметімен танысты және оның базасында құрылған «Лу Бань шеберханасы» оқу орталығын аралап көрді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда ресми сайтына сілтеме жасап.
Президентке білім ошағының ғылыми-инновациялық экожүйесі туралы мәлімет берілді. Ректор Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, былтыр университет базасында Smart engineering құзыреттер орталығы ашылған. Орталық машина жасау, тау-кен және металлургия кешені салаларындағы импортты алмастырушы технологияларды дамытуды көздейді.
Мемлекет басшысына жастардың инновациялық жобалар жасауына мүмкіндік беретін медицина бағытындағы технопарктің негізін қалау жоспары жөнінде баяндалды. Қазірдің өзінде университетте әзірленген 40-тан астам медициналық имплантат түрі клиникалық сынықтан өткізіліп жатыр.
Қазақ-неміс университетімен бірлесіп, металлургия, пайдалы қазбаларды игеру бағытында Ғылым және технология институтын ашу жоспарланған.
Мемлекет басшысы жол қозғалысын интеллектуалды тұрғыда ұйымдастыруға арналған SMART-үстелмен танысты.
Елімізде «Лу Бань шеберханаларын» ашу бастамасын былтыр мамыр айында Сианьда өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин көтерген болатын.
Университет мақсаттарының бірі – осы «Лу Бань шеберханасы» базасында отандық автомобиль құрастыру өнеркәсібі үшін жоғары білікті техникалық және инженерлік кадрларды даярлау.