"Мемлекеттік бағдарламаның құрбаны болдық": Ақтөбе фермерлері малдың бәрін сойып жатыр

0
1 058

Көптеген шаруа қожалықтары шет елден мал сатып алу үшін несие алған.


ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы фермерлері қарыздарынан құтылу үшін малдың барлығын союға мәжбүр, деп жазады Stan.kz.

Көптеген шаруа қожалықтары шет елден мал сатып алу үшін несие алған. Алайда Ресейдің кейбір аймақтарынан мал әкелуге тыйым салынғаны белгілі болды.

"Мемлекеттік бағдарламаның қатысушылары құрбанға айналып отыр. Бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған желілік маркетинг іспеттес. Адамдар сенім артып, несие алған. Ал қазір төлем жасайтын шамамыз жоқ- инвестсубсидия, субсидия,қосылған құн салығын төлеуге де ақшамыз жоқ. Егер қаржы институттары қысым жасаса, малды бауыздап сойып тастаудан басқа амалымыз жоқ", - деді фермер Марат Кубиев.

Кәсіпкерлер қаржы амнистиясы мен несиелеріне кепіл сұрап отыр.

"Біз үш шаруа қожалығы қосылып ақша жинадық. Ресей, Татарстандағы Камагроға жібердік. Келісім бар. Чехиядан мал жөнелтіледі деді. Ақша өтті, бірақ қазақстандық тарап жабық екенін жеткізді. Енді Татарстан Чехиядан келетін мал басын өткізу үшін шекараны ашуды сұрап отыр", - дейді Мұхамбетхан Карысаков.

Шенеуніктердің айтуынша, Қазақстан шекарасы толығымен ашық, Ресейдегі кейбір шекаралық аймақтарда эпизоотиялық бюро құжаттарына байланысты екі жыл бойы рұқсат қағазы алынбай жатыр. Сондықтан оның орнына малды алыс шет елден немесе өзге континенттен алдыртуға ұсыныс түсуде.

"Бұл облыстар нодулді дерматиттің кесірінен жабылып қалған. Мысалы келісім жасалса, Ресейдің Орынбор облысы таза болып есептеледі. Ресей немесе басқа аймақтардан, Австралия, Аргентина, Украина, Беларусь, Еуропадан мал әкелінеді. Қандай аймақ болмасын, субсидиялаймыз", - деді Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Құсаин Сәрсенбай.

Субсидия төлеміне байланысты облыстық бюджеттен қажетті қаржы табылмады. Қазір үкіметке өтінім жасалды. Жылдың аяғына дейін облыс бюджетінен жетіспей тұрған бес миллиард аударылуы керек. Бұл сомма кәсіпкерлер шығынын өтеп, мал сатып алуға көмекқаржы ретінде ұсынылады.