Мемлекеттік қызметкерлер науқас балалардың еміне 11 млн теңге жинады

0
1 252


Мемлекеттік қызметкерлер науқас балалардың еміне 11 млн теңге жинады

ERNUR.KZ. Мемлекеттік қызметкерлер арасында жүгіру марафонынан 11 миллион теңге жиналды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен өткен «Алға басу» атты жарыстан түскен қаржы 21 баланың еміне жұмсалып жатыр, деп жазады almaty.tv.

Марафон республика бойынша барлық облыс орталықтарында бір мезгілде болған еді. Ерлер екі жарым, ал әйелдер бір жарым шақырымдық жүгіру акциясына қатысқан. Мемлекеттік қызметкерлерден ерікті түрде түскен ақша «Мейірімділік» қорының есеп шотына аударылып, нәтижесінде, ауруы елімізде ем таба алмаған сәбилерді шетелге апаруға мүмкіндік туған.

«Адамдар қандай баланың қашан ем алатынын нақты біліп, ақшаны өздері бөліп аударады. Марафон өткелі де екі айдай уақыт өтті, балалардың көбі шетелге барып, қажетті емдерін алып келді. Марафоннан түскен қаражат ретинопатиясы бар бірнеше баладан басқа, туа біткен кемістіктері бар, сонымен қатар ісіктерді алып тастау үшін барған сәбилерге жұмсалды. Жуық арада тағы баруы тиіс сәбилерге де көмек көрсетілді», – деді «Дом» қайырымдылық қоғамдық қорының директоры Аружан САИН.

«Мейірімділік» қоры жұмыс істеп келе жатқан 11 жылдың ішінде барлығы 1 630 сәбиді шетелдің білікті дәрігерлеріне апарып емдеткен. Оның ішінде, сыртқа бірнеше рет барып ем-дом қабылдағандары да бар. Қор директорының айтуынша, қазіргі таңда шұғыл көмекке 43 бүлдіршін мұқтаж болып отыр. Оларды емдетуге шамамен, 500 мың доллардан астам қаржы керек.