Биыл ақылы жолдың тарифі өзгермейді.
ERNUR.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жолды ақылы етуге қарсылық танытып жатқан жүк көлігінің жүргізушілеріне жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.
Ведомство басшысы көрші мемлекеттерде ақыл жолдар бұрыннан барын атап өтті. Ондағы тариф Қазақстанмен салыстырғанда жоғары.
«Осыдан 3-4 күн бұрын көптеген жүк көлігінің жүргізушілері жолдардың ақылы болатынына қарсылық танытты. Бұл мәселені шешу үшін министрлік пен «Қазавтожол» АҚ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, «Казлогистик» қауымдастығымен түсіндіру жұмысы жүргізілді... Ақылы жолдар әлемде бар тәжірибе. Ол әділ ұстанымға негізделген. Яғни «кім жолды пайдаданса, ол оны күтіп-ұстауға ақша төлейді». Себебі, ауыр жүк көліктері жолды тоздырады», - деді Бейбіт Атамқұлов ОКҚ-де өтіп жатқан халыққа есеп беру кездесуінде.
Оның айтуынша, Қазақстан арқылы 10 мыңнан аса транзит жүк көлігі өтеді.
«Бұл жүк көліктері елдегі жолдарды тоздырып жатыр. Отандық жүк тасымалдаушылар басқа елдің жолымен өткен кезде тиісті ақшаны төлеп отыр», - деді министр.
Сонымен қатар ақылы жолдың тарифі өзгермейтінін атап өтті.
«2013 жылы Қазақстан үкіметі ақыл жолдар бойынша ставканы бекітті. Осы жылы елімізде алғаш рет «Астана – Щучье» ақылы автожолы пайдалануға берілді. Сонымен қатар осы баға басқа жаңа (ақылы – автор) жолдарда сақталды. Баға саясатына қатысты өзгеріс болмайды», - деп түйіндеді сөзін Бейбіт Атамқұлов.
Айта кетейік, Қазақстанда жүк көлігінің жүргізушілері ақылы жолды қымбаттатуға наразылық білдірген болатын.