Министрлік тікұшақ апатынан қаза тапқан офицердің аты-жөнін атады

0
338

Қаза тапқан офицер мен зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына жан-жақты қолдау көрсетілу үстінде.


Министрлік тікұшақ апатынан қаза тапқан офицердің аты-жөнін атады

ERNUR.KZ. Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасап, Ақтөбедегі тікұшақ апатынан қаза тапқан және зардап шеккендердің аты-жөндерін атады, деп жазады kaz.inform.kz.

“Ақтөбе облысындағы оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған авиациялық апат салдарынан 1988 жылы туған Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы майор Батыр Қайратұлы Оразымбетов қайғылы жағдайда қаза тапты,” — делінген хабарламада.

Офицер Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы «ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар» мамандығы бойынша бітірген. Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдардан өткен. Ми-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі бар, жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады. Қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан. Биылғы жылдың көктемінде болған су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан. Мерейтойлық және еңбек сіңірген жылдары үшін медальдарымен марапатталған. Үйленген, артында екі баласы қалды.

“ Апатты жағдайдағы қону кезінде зардап шеккен әскери институт авиациялық эскадрильясының командирі майор Бибарыс Ибраев пен оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы аға лейтенант Рүстем Нығметов қазір облыстық ауруханада жатыр. Жағдайлары тұрақты ауыр. Оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде”, — деп қосты ведомство баспасөз қызметі.

Қаза тапқан офицер мен зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына жан-жақты қолдау көрсетілу үстінде.