​NIS оқушылары домбыра үйренуге арналған инклюзивті жүйе жасады

0
128

Dombra Sense жүйесі домбыра тартуды жеңілдететін бірнеше құрылғыдан тұрады.


​NIS оқушылары домбыра үйренуге арналған инклюзивті жүйе жасады

ERNUR.KZ. Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Іңкәр Шаяхмет пен Зарина Бектулла домбыра тартуды үйренуге арналған Dombra Sense инновациялық жүйесін әзірледі. Заманауи технологияларға негізделген жоба ұлттық аспапты үйренуді жаңадан бастағандарға, сондай-ақ көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған.

Dombra Sense жүйесі домбыра тартуды жеңілдететін бірнеше құрылғыдан тұрады. Жарықдиодты индикаторлар қай ішек пен пернені басу керектігін көрсетсе, арнайы діріл білезігі қолдың қозғалыс бағытын анықтауға көмектеседі. Ал домбыра корпусына орнатылған арнайы құрылғы ырғақты діріл арқылы сезінуге мүмкіндік береді. Көру қабілеті бұзылған адамдар үшін Брайль қарпімен арнайы белгілер де қарастырылған.

Жүйенің мүмкіндіктерін мобильді қосымша толықтырады. Оның көмегімен пайдаланушылар сабақтарды таңдап, оқу қарқынын өз ыңғайына қарай реттей алады және жаңа музыкалық шығармаларды қоса алады. Сонымен қатар жасанды интеллект көмекшісі мәтін, нота, сурет және аудио форматындағы музыкалық материалдарды интерактивті сабақтарға айналдырады.

Осы мүмкіндіктердің барлығы домбыра тартуды өз бетінше меңгеруді жеңілдетуге және оны ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді етуге бағытталған. Ұлттық музыкалық мұра мен заманауи технологияларды ұштастырған оқушылардың жобасы инклюзивті білім берудің жаңа мүмкіндіктерін ашады.